Ғылым және жоғары білім министрі ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлекпен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинаған түлек Әсет Альтаирмен кездесті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кездесу барысында министр талапкерді жоғары нәтижесімен құттықтап, бұл жетістік қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың, білімге деген ұмтылыстың нәтижесі екенін атап өтті.

— Бұл жетістік — табандылықтың, мақсатқа адалдықтың және үздіксіз еңбектің жемісі. Сенің нәтижең мыңдаған талапкерге үлгі болады деп сенемін. Алдағы студенттік өміріңе сәттілік, таңдаған мамандығыңда биік белестерді бағындырып, еліңнің дамуына үлес қоса беруіңе тілектеспін, — деді министр.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кездесуге Әсетті қолдау үшін оның ата-анасы да қатысты. Министр оларға баласының білім алуына жағдай жасап, әрдайым қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, талапкердің жетістігінде отбасының тәрбиесі мен қамқорлығының орны ерекше екенін атап өтті.

Әсет Альтаир ҰБТ-ға дайындық тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандығын таңдау туралы айтып берді.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы № 7 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Әсет Альтаир 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да «Математика — География» пәндер комбинациясын таңдап, алғашқы мүмкіндігінде 140 балл жинады. Сонымен қатар ол «Үздік аттестат» иегері.

Айта кетелік ҰБТ-ның жаңа форматын енгізу 2027 жылы педагогикалық бағыттан басталады