Министрліктің мәліметінше, бүгінде 1991 жылдан бері берілген жоғары білім туралы дипломдардың бірыңғай базасы жасақталған. Аталған базаға қазіргі таңда 3 миллионнан астам дерек енгізілді. Бұл жұмыс 2018 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
– 2021 жылдан бастап барлық жоғары оқу орыны (азаматтық емес және медициналық ЖОО-ларды қоспағанда) білім туралы заңнамаға сәйкес өзіндік үлгідегі дипломдарды беріп жатыр. Олардың түпнұсқалығын Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы – EPVO арқылы тексеруге болады, - деді Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Комитет басшысының айтуынша, министрлік өзіндік үлгідегі дипломдардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ диплом сериясын бекітеді. Диплом нөмірі мен QR-коды арнайы модуль арқылы EPVO жүйесінде генерацияланады. Бұл қызметке тек сол жүйеде тіркелген, жауапты ретінде тағайындалған ЖОО қызметкерлеріне ғана қолжетімді.
– Егер EPVO жүйесінде білім алушы туралы мәлімет болмаса, диплом нөмірін генерациялау мүмкін емес. Генерацияланған нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жарамсыз болып есептеледі, - деді Гүлзат Көбенова.
Сонымен қатар EPVO жүйесінде жұмыс берушілерге арналған арнайы модуль іске қосылған. Оның көмегімен кез келген жұмыс беруші өзіндік үлгідегі дипломдарды, сондай-ақ бұрынғы мемлекеттік үлгідегі дипломдардың түпнұсқалығын тексере алады.
Министрлік өкілі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігімен, сондай-ақ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Жалған құжат жасағаны үшін заңнамада 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл не 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы көзделген. Ал жалған құжатты пайдаланғандар 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 40 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады, - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, биыл оқу жылында елімізге 31 500 шетелдік студент келгенін жазғанбыз.