Ғылымды қолдау: 30 жоба экспортқа шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Ғылымды коммерцияландыруға қатысты түсінік берді.

Фото: Kazinform/AI

- Қазіргі таңда гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру аясында барлығы 2217 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2024–2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша 1 077 жоба, ал бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде 30 жоба іске асырылып келеді. Сонымен қатар, 2025–2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша 1 031 жоба және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру бағытында 79 жоба қамтылған, - делінген комитеттің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

2016 жылдан бастап «Ғылым қоры» АҚ ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру бойынша конкурстар өткізіп келеді. Осы кезеңде, яғни 2016-2025 жылдары жалпы 7 конкурс ұйымдастырылды.

- Қолдау көрсетілген жобалардың еліміздің ғылыми-техникалық және экономикалық дамуына қосқан жиынтық үлесі 143,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өнімді сатудан түскен табысты, тартылған жеке қоса қаржыландыруды, салық төлемдерін және жобалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған инвестицияларды қамтиды. Атап айтқанда, өнім сатудан түскен табыс 61,7 млрд теңгеге жетті, 28,2 млрд теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды, бюджетке 13,2 млрд теңге салық төленді. Сонымен қатар 40,1 млрд теңгеге негізгі құралдар сатып алынып, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бүгінде 30 жоба экспортқа шықты, ал 8 жоба бойынша өнім сату көлемі 1 млрд теңгеден асты, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.