Ғылыми деректер вакцинацияның аутизмге себеп болатынын растамайды — ДДҰ

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2010–2025 жылдар аралығында вакцинация, тиомерсал және аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) арасындағы ықтимал байланысқа қатысты ғылыми деректерге жүйелі шолу-талдау жүргізді.

Фото: Pexels

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, шолуға 36 ғылыми жарияланым, оның ішінде 31 зерттеу мен 5 мета-талдау, сондай-ақ ғылыми контексті бағалау үшін 21 шолу енгізілді.

Зерттеу нәтижелері вакцинация мен аутизм арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін растамаған. 

— Зерттеулер мен мета-талдаулар вакцинация мен аутизм арасында себеп-салдарлық байланыстың жоқ екенін растады. Осылайша, қазіргі ғылыми деректердің жиынтығы вакциналардың аутизм немесе нейро дамудың басқа да бұзылыстарының даму қаупін арттыратынын растамайды, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аутизм мен парацетамол арасындағы байланыс туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.