Ғылыми шығармашылық еркіндігін Конституцияда бекіту неге маңызды – академик пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылыми шығармашылық еркіндігін Конституцияда бекіту ғылымды қосалқы құрам ғана емес, жеке-дара құндылық ретінде мойындауды білдіреді. Бұл пікірді математик, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұраған Дурвудхан айтты.
С. Дурвудхан ғылымсыз тұрақты даму да, шынайы демократия да, тиімді мемлекеттік басқару да мүмкін емес екенін атап өтті.
− Конституциялық норма ең алдымен ғылыми шығармашылық еркіндігі мәртебесін айқындайды. Яғни мемлекет оның еркін жұмыс істеуі үшін жағдай жасауы тиіс. Ал конституциялық кепілдіктердің болмауы ғылымның сырттан таңылған доктриналардың ықпалында қалу қаупін туғызады. Бұл ғылым мен білімнің, қоғамдық сенімнің құлдырауына әкеледі, − деді ғалым Конституциялық комиссияның 5-ші отырысында.
Оның айтуынша, ғылыми шығармашылық еркіндіктің болуы ең алдымен университеттер мен ғылыми орталықтардың дербестігімен, оқытушылар мен ғалымдардың академиялық еркіндігімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл ұғымды Конституцияда нақты бекітпей, ғылыми мекемелеріміздің шынайы тәуелсіздігін, әдістеме таңдау еркіндігін, зерттеу және түсіндіру тақырыптары еркіндігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Бұл тұрғыда ғылыми еркіндік – оқшауланған норма емес, керісінше ойлау еркіндігі, сөз бостандығы және білім алу құқығы сынды конституциялық құқықтар мен бостандықтардың тұтас жүйесінің элементі болып саналады.
− Бүгінгі жаһандық бәсекелестік пен технологиялық трансформация жағдайында «ғылыми шығармашылық еркіндігі» стратегиялық маңызға ие. Ғылыми еркіндікке Конституция деңгейінде еркіндік бере алмаған мемлекет қоғамның интеллектуалды әлеуетін жоғалтып, ақылдылар шоғырының сыртқа кету қаупін күшейтеді. Сондықтан бұл норманың Ата заңымызда бекітілуі құқықтық тұрғыда ереже ғана емес, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық инвестиция ретінде қарастырылады. Еліміздің әр саналы азаматы ғылым мен инновацияны ұлттық стратегиялық тірек ретінде санап, осы бастаманы қолдайтынына кәміл сенемін, − деді Сұраған Дурвудхан.
Осыған дейін Аида Балаева Ата заң өзгерістерін «Конституцияның жаңа жобасы» деп қарастыруды ұсынды.