«Қазір ғылыми зерттеу орталықтарын университеттер жанынан құру әлемдік тренд. Бізде бұл жоба осыдан 4-5 жыл бұрын басталды. Яғни ғылым комитетіне қарайтын институттарды интеграциялау арқылы университеттерге жақындатамыз. Осылайша ғылыми институттардың қызметін түрлендіру керек. Бүгінде ғылымды қаржыландырудың үш көзі бар: базалық қаржыландыру, екінші гранттар бөлу және коммерциялық қаржыландыру», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки телебағдарлама эфирінде.
Министр орынбасарының айтуынша, ғылыми зерттеу институттарын жабудың қажеті жоқ.
«Оларды жабудың қажеті жоқ, түрлендіру керек. Біздің ендігі мақсат – ол институттарға қаржы бөліп, алдымен ғимараттарын жөндеп, қажетті құрал-жабдықпен қамту керек. Яғни ғалымдарға жағдай жасауымыз керек. Ғалымдар ойлап тапқан дүниені өнімге жеткізу, көбіне ол теория жүзінде қалып қояды, мәселе сонда», - дейді ол.