Ғылыми жетістіктер көрсеткішін облыс әкімдерінің рейтингтеріне қосу қажет

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылыми жетістіктер көрсеткішін облыс әкімдерінің рейтингтеріне қосу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациялар еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанын атап өтті. Экономика салаларындағы жетістіктер мен табыстардың дені инновациялық дамудың ауқымы мен қарқынына тікелей байланысты. Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады. Мемлекет ғылым мен инновацияны дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етіп жатыр. Соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы 6 есе өсті, - деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми әзірлемелерге салынатын жеке инвестицияларды ынталандыру үшін шығыстардың 300 пайызына дейін елеулі салық жеңілдіктері қаралған. Бюджет кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың кен өндіруге жұмсалатын шығыстарының 1%-ын ғылым мен инновациялық технологияларды дамыту үшін бюджетке тікелей жіберу міндеті бекітілді. Инновацияларды венчурлік қаржыландыру құралдары кеңейіп, технологиялық брокерлік пен бизнес-акселерацияны қолдау шаралары күшейтілді. 

- Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін түрлі қаржы құралдары енгізілуде. Коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру аясында бизнестің ең төменгі қосымша қаржыландыру үлесі айқындалды. Ол жалпы грант сомасының кемінде 25%-ын құрауға тиіс. Өңірлік ғылымды дамыту үшін құқықтық және бюджеттік база құрылды. Ғылыми жетістіктер көрсеткіші аймақтарды дамыту жоспарларына енгізілді. Оны, сондай-ақ облыстармен қатар әкімдердің де рейтингтеріне қосу қажет, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет отырысында инновацичларды дамыту мәселесі талқыланатынын жазған едік.