Ғылыми жобаны бастау мерзімі келісімшарт басталған күннен белгіленбек — заң жобасы

Коллаж: Kazinform / Viafuture.ru / Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылыми жобаны бастау мерзімі нақты сол келісімшарт басталған күннен белгіленеді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты. 

— Ғалымдарымыздың 10 жылдан астам уақыт көтерген проблемасын шешетін нормалар енгізіліп отыр. Бүгінде ғылымды қаржыландыруда үлкен мәселе бар. Ғылыми гранттар негізінен үш жылға, яғни 36 айға жоспарланады. Алайда, конкурстық рәсімдердің созылуына байланысты іс жүзінде ғылыми жоба алғашқы жылы қаңтарда емес, жылдың соңына қарай басталады. Соның салдарынан ғалымдар зерттеуді толық үш жыл емес, шамамен 2 жыл ғана жүргізеді. Ал бұл ғалымдардың қолына түсетін қаржыландыру көлемінің де қысқаруына әкеліп отыр, — деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, депутаттар ұсынған нормаларға сәйкес, ғылыми жобаны бастау мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты сол келісімшарт басталған күннен бастап белгіленеді.

— Сәйкесінше, ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70-80 пайызын ғана емес, толығымен 100 пайызын алып, жоспарланған уақытты да 100 пайыз пайдаланып, сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады, — деді ол.

Бұған дейін отандық ғалымдар сейсмикалық қауіпсіздікке арналған технологияны сынап жатқанын жазған едік