Ғимараттар мен құрылыстардың төбе жабындылары беріктігін күшейту қажет - В.Божко

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғимараттар мен құрылыстардың төбе жабындылары беріктігін күшейту қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында аталған ведомствоның басшысы Владимир Божко мәлім етті.

Желдің ғимарат шатырларын ұшыру жағдайы жиі орын алатындығын атап өткен министр: «2013 жылы қатты және дауылды желге байланысты орын алған 35 төтенше жағдайда 10 адам жарақаттанды. 1338 ғимарат пен құрылыстың шатыры қирады. Оларды қайта қалпына келтіруге ҚР республикалық бюджетінен 3 млрд. теңге бөлінді», - деді.

Оның атап өтуінше, бұл фактілер төбе жабындыларының беріктігіне барынша күш салуды талап етеді.

«2006-2013 жылдары пайдалануға берілген ғимараттар мен құрылыстар жабындыларының зақымдалуы алаңдаушылық туғызады. Бұл құрылыс салушы ұйымдардың шатыр жабындыларын сапасыз салғандарын дәлелдей түседі», -деді В.Божко.