Депутаттың айтуынша, ашық автотұрақ мәселесi қазақстандықтар үшiн, соның ішінде Астана мен Алматы қалаларында өзекті болып табылады. Ал Ішкі істер министрлігінің деректерiне сәйкес, соңғы 11 жылда республика аумағында тiркелген автокөлiктер саны 3 еседен астам өскен. Астанадағы автокөлiктер паркi 5 еселенген. Осылай бола тұра, еліміздегі қалалардың басым бөлiгiндегі автотұрақтар Кеңес одағы кезiнде салынған.
«Астана, Алматы және республиканың басқа қалаларында ашық автотұрақ орындарының жетiспеушiлiгi әкiмшiлiк, iскерлік, сауда орталықтарында, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелер, мектептер, балабақшалар, ұлттық компаниялар кеңселерiнiң жанында әсiресе өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты қоғамдық қолданыстағы ғимараттарды ашық автокөлiк тұрақтарымен қамтамасыз ету нормаларын қабылдауды ұсынамыз», - дедi депутат.