Институт мәліметінше, аумақтың сейсмикалық қауіптілігі сейсмикалық, инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық жағдайлардың жиынтығы бойынша айқындалады.
– Оны бағалау кезінде ықтимал сейсмикалық әсерлердің қарқындылығы, топырақтардың сипаттамалары мен қасиеттері, аумақтың геоморфологиялық ерекшеліктері, жер бедері, жерасты суларының деңгейі мен орналасу жағдайлары, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға сейсмикалық әсер ету сипатына ықпал етуі мүмкін өзге де факторлар ескеріледі. Осыған байланысты нақты учаскенің сейсмикалық қауіптілік дәрежесін тек онда орналасқан ғимараттардың сапасы немесе техникалық жай-күйі негізінде анықтау мүмкін емес және құрылыс аумағының тікелей сипаттамаларын ескеруді талап етеді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты үйдің немесе әкімшілік нысандардың сейсмикалық төзімділігін қалай білуге болатынын түсіндірді.
– Нақты ғимарат туралы, оның ішінде жобалау шешімдері, сараптамадан өтуі, объектіні пайдалануға қабылдау және оның пайдалану кезіндегі жай-күйі туралы ресми мәліметтерді алу үшін азаматтар тиісті құжаттамасы бар мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, меншік иелері мен пайдаланушы ұйымдарға жүгінуі қажет, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Қазақстан - Қытай жер сілкінісін зерттеу орталығы ашылғанын жазғанбыз.