Гимнаст Ева Тациева жасөспірімдер Олимпиадасының финалында өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық гимнаст Ева Тациева Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында жекелей көпсайыста өнер көрсетті.

Фото: ҚР ҰОК

Отандасымыз жарыстың финалдық кезеңінде бақ сынады.

Төрт снарядтағы жаттығулардың қорытындысы бойынша Ева Тациева 47,432 ұпай еншілеп, 15-орынға тұрақтады.

54,665 ұпай жинаған ресейлік Полина Дмитриева жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені франциялық Луана Плюссон иеленсе (53,665), қытайлық Ци Чжун үздік үштікті түйіндеді (53,199).

Еске салайық, мұның алдында қазақстандық велошабандоз Әнел Тәшбай жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарғанын жазған едік. Отандасымыз жекелей уақытқа жарыста алтын медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 11 минут 32.57 секундта жүріп өтті.