Гиннес рекордтар кітабына әлемдегі ең қымбат балмұздақ енгізілді

ТОКИО. ҚазАқпарат - «Ақ түн» деп аталатын мұздатылған десерт – бьякуьяның құны қазіргі уақытта 880 мың иен немесе 6380 долларды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Ашық көздерден алынған фото

Гиннес рекордтар кітабына бұл балмұздақ әлемдегі ең қымбат тәтті ретінде енгізілген.

Жапонияның балмұздақ шығаратын Cellato брендінің веб-сайтында «ақ түн» джелатто деп жазылған. Бұл оның италиялық асханаға қатысын меңзейді.

Десерт қоспаларының бірі – ақ трюфель. Ол Италияның Альба қаласында өндіріледі, бір келісі 2 млн иен немесе 14500 долларға дейін жетеді.

Балмұздақтың беті жеуге болатын «алтын» жапырақтармен, ірімшіктің екі түрімен және «Сакекасумен» - сакені дайындау процесі кезінде алынатын паста тәрізді қоспамен безендіріледі.

Cellato компаниясы өкілінің айтуынша, десерттің құрамын ойлап шығаруға 1,5 жыл кеткен. Мұндағы миссия дәмді қымбат десерт дайындау ғана емес, сондай-ақ аспаздық саяхат. Яғни еуропалық қоспаларды дәстүрлі жапон тағамдарымен үйлестіру.

Cellato веб-сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, десертті Жапонияда сатып алуға болады.