«Гиннесстің рекордтар кітабына енген көйлек үлгілері» - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 қазан, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Жақында Зайсан ауданының Біржан ауылына барғанымызда көрші Қытайдың Алтай аймағынан төркіндеп келіп жатқан Фазила Қабдрахманова деген шебер жай­лы естідік. Мұның алдында ғаламтордан және «Таңшолпан» бағдарламасынан Фазиланың тіккен көйлектері Гиннесстер рекордтар кітабына енгені жайлы хабарды көзіміз шалып қалған. Шебердің «Ең биік», «Ең үлкен батыр», «Ең мейірбан ана», «Қа­зақтың аруы» атты биіктігі 4,5 метрлік, сан түске малынған әсем көйлектері әділ қазылар алқасын таңғалдырыпты. Енді, міне, Гиннесстің рекордтар кітабына өнімдері енген қан­дасымызбен әңгімелесіп отырмыз», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Гиннесстің рекордтар кітабына енген көйлек үлгілері» атты мақаласында.

- Қазақтың ұлттық нақыш­тағы киімдерін, кесте тігумен осы­дан жарты ғасыр бұрын шұ­ғылдана бастадым. Ол ана сү­тімен келген. Анамыз да шебер. 25 жыл бұрын Алтай қала­сында «Ақжол» атты ұлттық ки­імдер тігетін зауытты аштық. Он­да негізінен қазақ қыздары ең­бек етеді. Кәсіпорында киіз үй жабдықтары, саяхат жасауға ар­налған спорттық киімдер, ұлт­тық дәстүрді әйгілейтін көрпе-жас­тықтар тігіледі. Сонымен бірге, сапалы тігу машиналарын қа­жет ететіндерге сатамыз. Бізге Қы­тайдың барлық аймақтарынан тап­сырыс жиі түседі. Шаңырақ кө­теріп жатқан жастар үйлену тойына арналған киімге тапсырыс береді, оларды сапалы етіп орындаймыз. Сонымен бірге, кестеден киім тігуді әдетке ай­нал­дырдық. 2013 жылы ма­ған Шыңжанда «Қолөнер ма­мандығының шебері» деген атақ берілді, - дейді Фазила Қабдрахманова.

Бас басылымда «Қазақстан павильонының миллионыншы қонағы» деген материал басылды. Өткен сенбі күні Миланда өтіп жат­қан Бүкіләлемдік ЕХРО-2015 көрмесінде Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық павиль­о­ны миллионыншы қонағын күтіп ал­ды. Ол - Италияның байырғы тұрғы­ны 57 жастағы Даниель Берго ат­ты азамат. Даниель Берго өз елін­де бағдарламалық консультант бо­лып қызмет істейді.

Қазақстан Республикасының ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин Бүкіләлемдік «Expo Milano-2015» көрмесін­дегі Қазақстан павильонын мил­лио­н­ыншы болып көруге келген Даниель Бергоны салтанатты түр­де құттықтап, Қазақстан Республикасына бару үшін 2 адамға арналған сертификатты сыйға тартты. Елімізге барып-келу әуе билетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми серіктесі «Эйр Астана» АҚ ұсынды. Осы тур аясында олар Астана, Алматы, Шымкент пен Ақтау қала­ларына тегін сапарлайды. Атал­ған қалаларға саяхаттық турды көр­менің ресми серіктесі болып табылатын «Саят Travel», «Круиз», «Almaty City Tours», «Miras travel» пен «Турист» туристік компаниялары жүзеге асыратын болады.

«Әлемді азықтандыру. Өмір энергиясы» деп аталатын «EXPO Milano-2015» көрмесінде Қазақстан павильоны ерекше қызығушылыққа ие. Күніне шамамен 5 мыңнан астам адам тамашалайды. Ол бүкіләлемдік көрмеде ең танымал әрі келушілері көп павильондардың қатарынан табылады. Көрменің ұйымдастыру комитетінің жүр­гізген халықтық дау­ыс беру шарасында қазақстандық павильон алдыңғы қатардан табылып отыр.

Қазақстандық павильон 3000 шаршы метр аумағы бар екі қабатты ғимараттан тұрады. Тақырыбы - «Қазақстан - мүмкіндіктер әле­мі». Сыртқы пішіні еліміздің ауыл­шаруашылық мәдениетінің не­гізі болып табылатын бидай сабағына ұқсатып жасалған. Ішкі мазмұны 6 аумақтан тұрады: ауыл шаруашылығы, жануарлар әлемі, аквамәдениет, экология, жер шаруашылығы және Қазақстан туралы таңғажайып дүниелер.

***

«Айқын» газетінде «Бес мың ғимарат бейімделді» атты материал берілген. Озық дамыған мемлекеттің бір нышаны - кемтар жандарға қол ұшын созып, қамқорлыққа алу. Осы орайда 2014 жылғы 17 қаңтарда өзінің «Қазақстандық жол - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «Нұр Отанға» мүгедектердің өмір сапасын арттыру бойынша жұмысқа жетекшілік етуді жүктеген болатын.

Содан бері қолға алынған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы қомақты жетіс­тіктерге жетіпті. Бұл туралы Денсау­лық сақтау және әлеуметтік даму ми­нистрлігі хабарлады. «Кедергісіз келешектің» негізгі бағыттарының бірі мүгедектер үшін кедергісіз орта жасау болып табылады. Министрліктің мәліметінше, сол 2014 жылдан бастап Қазақстанда 5 мыңнан астам инфрақұрылым нысандары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына бейімделді. Былтырғы жылы жоба аясында бүкіл еліміз бойынша ғимараттарға инвен­таризация жүргізіліп, оның қоры­тынды­сында халық көп баратын 19,7 мың әлеуметтік нысанның мүгедектерге қол­же­тімсіз екендігі анықталды. Енді міне, олардың қатары бір жыл ішінде 5 мыңға азайған.

Сондай-ақ 2014 жылдан бері осы жандар үшін транспорттық инфра­құрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары да қолға алынған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі адамдардың авто­бустарға, пойызға кіруі қиын. Бұл проб­леманы шешу үшін былтырғы жылдан бастап, республикалық бюд­жеттен жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы мақсаттық трансферттер түрінде қаражат бөлінуде.

***

Көне Сауран қаласында жүргізілген қазба жұмыстарының барысында археологтар құнды жәдігерлер тауып алғандығын хабарлады, деп жазады «Экспресс К» газеті. Атап айтқанда, жезден соғылған монеталардан тұратын 25 келілік қазынаны анықталған. Бұрындары облыста көне жәдігердің осындай көлемі табылмаған болатын.

Қазынаны археологтар металл іздейтін құрылғы арқылы анықтады. Тарихшылардың пайымынша, бұл ақша жер астында 300 жылға жуық уақыт жатқан екен. Осы жайында «В Сауране найден клад!» атты материалдан толық оқи аласыздар.