Global Challenges Summit 2018: 11 жаһандық сын-тегеурін

АСТАНА. ҚазАқпарат - 17-19 мамырда Қазақстан елордасында 10 жыл бойы Еуразияның басты экономикалық конгресінің бірі саналатын ХІ Астана экономикалық форумы өтеді.

Биыл форум Global Challenges Summit түрінде өткізіледі, бұл - жаһандық күн тәртібі және жаңа формат. Бұл не үшін жасалғаны туралы, кездесу кезінде қандай басты сұрақтар қозғалатыны туралы «РrimeMinister.kz» АА шолу материалынан оқи аласыздар, деп хабарлайды primeminister.kz.

Астана экономикалық форумы (АЭФ) - Еуразиялық кеңістікте жыл сайын өткізілетін маңызды шара. Әр жыл сайын бір алаңда әлемдік көшбасшылар, жетекші халықаралық сарапшылар, ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері жиналады. Форум тарихында АЭФ-ке әлемнің 150 елінен 50 000-нан астам делегат қатысқан.

Форум экономикалық ой, идея мен тәжірибені қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік сын-тегеуріндерімен күресте тиімді шешімдерді табу үшін байланыстыратын халықаралық алаңға айналды. Форумның берер әсері зор - халықаралық инвесторларды елге тартудан бастап, елімізде әрі әлемде экономикалық саясаттың күн тәртібін қалыптастыруға арналған жаңа идеялармен алмасуға дейінгі мүмкіндіктер.

Тарих: АЭФ-тің құрылуы - уақыт талабы

Астана экономикалық форумын өткізуге Мемлекет басшысы бастама білдірген. 2007 жылдың маусым айында Н. Назарбаев Еуразиялық қоғамдастықтың экономикалық интеграциясына жәрдемдесуге және халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Ғалымдардың еуразиялық клубын құруды ұсынды. Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубын 27.06.2008 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Экономикалық ғылыми зерттеулер институты құрды.

Форум алғаш рет 2008 жылы өткізіліп, әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және сауықтыру мәселелерін талқылайтын ең ықпалды халықаралық алаңдардың біріне айналды.

Форумның мақсаты - сарапшылар жаһандық экономикадағы өзгерістер жағдайында жекелей Орталық Азия өңірінің және жалпы әлемдік кеңістіктің экономикалық дамуын талқылай алатын халықаралық бейтарап алаң құру.

Осындай Астана экономикалық форумы секілді диалогтық алаң құру - уақыт талабы. Әлемдік экономикада бірқатар өзгерістер орын алуда және АЭФ аса өзекті экономикалық әрі әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланатын бірыңғай платформаға айналды. Бұдан өзге, аталған форум - географиялық және ақпараттық шекараларды еңсеруге мүмкіндік беретін, бизнеске арналған тәжірибелік құрал. Жыл сайын АЭФ әлемнің 80 елінен 5 000-нан астам делегаттардың басын қосады.

Форумның әр жылдары талқыланған негізгі тақырыптары: «Жаһандану жағдайындағы экономикалық дамудың заманауи аспектілері» (2008), «Жаһандық сын-тегеуріндер жүйесіндегі Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі» (2009), «Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі тұрақты экономикалық өсім» (2010), «Жаңа онжылдық: сын-тегеуріндер мен перспективалар» (2011), «Жаһандық экономикалық түрлену: сын-тегеуріндер мен даму перспективалары» (2012), «G-Global» форматында теңдестірілген экономикалық өсімді қамтамасыз ету (2013), «G-Global форматында өзгерістер дәуірінде сын-тегеуріндерді басқару» (2014), «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты өсімінің драйвері» (2015), «Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» (2016) және «Жаңа энергия - жаңа экономика» (2017).

Тек Орталық Азия мен посткеңестік кеңістіктің ғана емес, сондай-ақ, жалпы әлем экономикасын нығайтуға қатысты шынайы ұсыныстар айтылып, әлем көшбасшыларының пікірлері айтылған ауқымды кездесулер он жыл қатарынан өткізіліп келеді.

Форумның маңызды құрауыштары - әлемдік экономиканың теңдестірілген дамуын қамтамасыз ету жөнінде әзірленетін ұсыныстар. АЭФ ұсыныстары тек мәселеге көңіл бөлу емес, сондай-ақ нақты әрекеттерді орындау кезінде оларды ескеру. Форум G8 және G20, БҰҰ ЭКОСОС, ЮНКТАД, ЭСКАТО форматтары аясындағы шаралар мен дағдарысқа қарсы шаралардың қабылдануымен байланысты ғаламдық процестерге ықпал ете бастады.

2012 жылы Астана экономикалық форумының ұсыныстары БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Гу Мунның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің және G20-дағы Мексика өкілдігінің жоғары бағасына ие болды.

2013 жылы VI Астана экономикалық форумында өткізілген аса маңызды шара -БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен, Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдарымен бірлесіп бастамашы болған І Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік Дағдарысқа қарсы Жоспар Жобасының негізгі бағыттары қабылданды.

2014 жылы VII Астана экономикалық форумы алаңында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің басшылары, экономика, қаржы министрлерінің деңгейінде ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция өткізілді. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге арналған Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспардың тұжырымдамасы қабылданды.

2015 жылғы 22 мамырда «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты өсімінің драйвері» сегізінші Форумы аяқталды, оған 3000-нан астам делегат қатысты. Форум барысында «ҚР Президентінің бес институционалдық реформасын» іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жоғары бағаланды.

АЭФ-ті тоғызыншы рет өткізген кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы қалпына келтіруге және дамушы елдерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.

«Жаңа энергия - жаңа экономика» мерейтойлы Х Астана экономикалық форумы еуразиялық кеңістік үшін тарихи өзгерісті кезеңде өткізілді. Қазақстан Президенті Қазақстанды үшінші жаңғырту және энергетика саласын жаңғырту бойынша қабылданған шаралар төңірегінде елдегі ауқымды іс-шаралар туралы мәлімдеді.

Қайта бастау уақыты

Ұйымдастырушылар биыл форум түбегейлі жаңа форматта өтетіні туралы мәлімдеді. Бұл не үшін қажет? «Әлем өзгеруде, Қазақстан жаңғырып жатыр, сәйкесінше форум да жаңа сын-тегеуріндерге сай болуы керек», - дейді олар.

Бұдан өзге, ұйымдастырушылар жаңартылған форум әлемнің жетекші саммиттерінің біріне айналатынына сенімді. Осы орайды АЭФ формасы жағынан да, мазмұны жағынан да өзгертіліп жатыр.

Барлық шаралар үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және зерттеу. Алғашқы екі кезеңде спикерлер сөз сөйлесе, ал үшінші блокта машиналар іске қосылады. Үлкен мәтіндік деректерді семантикалық талдау бүкіл әлемдегі адамдардың сын-қатерлер туралы қандай көңіл-күймен айтатынын, олар құтыла алмаушылық алдында қорқыныш сезіне ме, әлде оң сценарийлерді дамыту мүмкіндігін көре ме, соны анықтауға мүмкіндік береді. Дерек көздері БАҚ, академиялық басылымдар және әлеуметтік желілер болады.

Формасы мен ақпарат беру тәсілі өзгереді. Бұған дейін дәстүрлі панельдік сессиялар өткізілсе, ендігі мұнда TED talks, инновациялық презентациялар, воркшоптар мен нарықтың болашақта дамуын болжай алатын және оған әсер ете алатын сарапшы-визионерлердің баяндамалары өткізіледі.

АЭФ алғаш рет жастарға арналған арнайы бағдарлама ұсынады. Астананың жетекші жоғары оқу орындарының базасында ең үздік экономистермен дәрістер, презентациялар және кездесулер өтеді. Біздің болашақ ғалымдар, өнертапқыштар, бағдарламашылар жаңа идеялармен шабыттанып, жетекші ойшылдармен кездесуге мүмкіндік алады.

XI форум - 11 жаһандық сын-тегеурін

ХІ Астана экономикалық форумында 11 жаһандық тақырып талқылауға ұсынылады: бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, цифрландыру әлемі, болашақ ақшасы әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі және сингулярлық әлемі.

Сарапшылар «Ұзақ өмір сүру» трекінде медицина мәселелерін талқылап, мәселені шешу жолдарын іздейді, оның мәні - адамдар ұзағырақ өмір сүргенімен, алайда әлі күнге эпидемиялар мен аурулар проблема болып қалуда.

Форумның «Ресурстар әлемі» тақырыбы «халықтың өсуі мен ресурстар тапшылығы жағдайында жаһандық экономиканың тұрақты дамуын қалай қамтамасыз етуге болады?» сұрағына жауап іздеуге бағытталады.

Спикерлер өзгерістердің қаншалықты залалды болатыны мен жаңа қаржылық дәуірдің қашан басталатыны туралы мәселелерді «Болашақтың ақша әлемі» тақырыбы бойынша өтетін сессияларда талқылайды.

«Жаһандық қауіпсіздік әлемі» тақырыбы өте өзектілердің бірі. Себебі, технологиялық революцияның әр қадамының кері жағы бар және бұл құпиялықты жоғалтуға алып келеді. Форум қатысушылары: «Үкімет пен корпорациялардың мәліметтерін алаяқтардан қалай қорғап, олардың тыныштығына қалай кепілдік беруге болады?» сұрағын талқылайды.

Қызықты тақырыптардың бірі - «Сингулярлық әлемі». Мұнда жасанды зерде заңдары, жаңа реттеу жүйесінің этикалық және саяси аспектілері қаралады. Кейбір болжамдар бойынша жақын арада жасанды зерде адам зердесінен озып, өздігінен дамитын болады. Оның әрекеттерін қалай болжауға болады, егер бұл мүмкін болмаған жағдайда не істеу керек? - осы сұрақтарға спикерлер жауап іздейді.

Форум аясында «Жаңа ақшалардың технологиялары. Алда бізді не күтіп тұр?» сессиясын өткізу жоспарланған. Сессияда қаржы секторына блокчейн технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстанда осы технологияны қолдану мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Қазақстанда блокчейнде қандай нақты жобаларды жүзеге асыруға болатыны және қалай болашақ қаржы технологиясын пайдаланудан барынша пайда алуға болатыны талқыланады. Аталған сессияның басты спикерлерінің бірі ретінде 2 млрд-тан астам АҚШ доллары мөлшерінде капиталы бар Cagan McAfee Capital Partners көп бейінді компаниясының тең құрылтайшысы Лаирд Коган қатысады.

2018 жылғы АЭФ қатысушылары

Түрлі уақыттарда форум спикерлері саясаткерлер, ғалымдар және экономистер, әлемдік деңгейдегі журналистер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары және бизнес-элиталардың өкілдері болған.

Алдағы форумға қатысатындар туралы айтар болсақ, шараға физик, футуролог және ғылымды дәріптеуші, ғылыми-көпшілік әдебиет жанрының үш бестселлерінің - «Мүмкін емес заттар физикасы» (2008), «Болашақ физикасы» (2011) және «Ақыл болашағы» (2014) және т.б. кітаптардың авторы Митио Каку қатысады.

Форум спикерлерінің қатарында Дубайдың танымал бизнесмені, Ports, Customs & Free Zone Corporation төрағасы, DP World компаниясының төрағасы - Сұлтан Ахмед бин Сулайем бар.

Бұдан өзге, Форумға келетін топ-спикерлердің қатарында британ қаржыгері, Goldman Sachs бұрынғы төрағасы, БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай) қысқартылған атауының авторы Джим О'Нил, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басқарушы директоры Цзинь Лицюнь, Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің жетекші ғылыми қызметкері Параг Ханна, жазушы, геронтолог, SENS қорының төрағасы және ғылым жөніндегі директоры Обри ди Грей, McKinsey & Company директоры Джонатан Воцель, Малайзия Үкіметінің министрі, PEMANDU бас директоры Идрис Йала және т.б. бар.

Сондай-ақ, Форумның құрметті қонақтарының қатарында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд және саясаткер, дипломат, Эстонияның экс-президенті Тоомас Ильвес бар. Барлығы Global Challenges Summit 2018-де әлемнің 24-тен астам елінен 450-ден астам спикер сөз сөйлейді.

Форум қорытындысы бойынша әлем және Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен практикалық ұсыныстар әзірлеу, жаһандық инвесторлардың қызығушылығын арттыру көзделген. Елдер, қалалар мен компаниялар арасында маңызды келісімдер жасалады. Тағы бір маңыздысы - экономистердің жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі, себебі АЭФ - экономикалық ғылым бойынша әлемдегі ең үздік сарапшылар мен ғалымдардың, Нобель сыйлығының лауреаттарының бас қосатын орны, мұнда жас қазақстандық экономистер баға жетпес білім алады.