Голдарды өз қателігімізден жіберіп алдық — «Қайрат» бапкері плей-офф жайлы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — УЕФА Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде «Андерлехт» пен «Қайрат» алғашқы матчын Алматыда өткізді.

Фото: Kazinform

Орталық стадионда өткен матч 3:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтин қарсыластың деңгейі едәуір жоғары болғанын және команданың жіберген қателіктері есепке тікелей әсер еткенін мойындады.

— Не айтуға болады? Өкінішке қарай, шеберлік деңгейі мүлдем бөлек. Мұндай дөрекі қателіктерге жол берсең, қарсылас алаңда жазалайды. Қазақстан чемпионатында өтіп кетсе, мұнда мүлдем кешірілмейді. Голдарды өзіміз тілеп алдық. Қызыл қағаз алған сәт те орынсыз еді. Алаң ортасында олай ойнаудың еш мәнін көргенім жоқ, — деді ол.

Бапкердің айтуынша, сәтсіз өткен бірінші таймнан кейін команданың басты міндеті жинақылықты жоғалтпай, қарсыласқа есеп айырмасын ұлғайтуға мүмкіндік бермеу болған.

— Үзілісте жігіттерге бастысы еңсе түсірмеу керектігін айттық. Алаңда тұтас әрі жүйелі ойнаудың маңыздылығын түсіндіруге тырыстық, олар оны екінші таймда көрсете білді. Мұндай қарсыласқа қарсы бір адамға кем ойнау өте қиын. Барымызды салдық. Үшінші голды жіберіп алғанда, біз үшін ойын аяқталды, — деді бапкер.

Рафаэль Уразбахтин 27 тамызда Брюссельде өтетін қарымта кездесу туралы да ой бөлісті. Оның сөзінше, команданың тығыз кестесі мен Қазақстан чемпионатындағы ойындарды ескере отырып, бапкерлер штабы қандай бағытқа басымдық беретінін айқындап алуы тиіс.

— Қарымта ойынға келсек, жақсылап ойлануымыз керек. «Көктегі сұңқардан қолдағы шортан артық» дейді ғой. Бізді алыс әуе сапары күтіп тұр, әрі алдағы чемпионат матчы да өте маңызды. Қазір қалай ойнайтынымызды дөп басып айта алмаймын. Қарсыластың өз алаңында қарқынды ойнайтыны түсінікті. ПАОК-пен өткен кездесуді де олар өте қарқынды бастаған еді. Бізге негізгі басымдықты анықтап алу қажет, — деп жауап берді ол.

Баспасөз мәслихатында Рафаэль Уразбахтин Алматыдағы Орталық стадион көгалының жағдайына да жеке тоқталды.

— Алаңның сапасы мәз емес, бірақ жеңілісіміздің себебін одан іздемеймін. Маселе алаңда емес. Біз бірінші таймның алғашқы минуттарында қарапайым әрі сақ ойнау керектігін ескерткенбіз. Өкінішке қарай, көлденең берілген пасты қарсылас ұстап алып, гол соғып кетті, — деді ол.

Еске салайық, «Қайрат» өз алаңында «Андерлехтке» 0:3 есебімен есе жіберді. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 27 тамыз күні Брюссельде өтеді.

Сондай-ақ жеңісті ойыннан кейін Бельгия клубының бас бапкері Витор Бруно кездесу жайлы пікір білдірді.