Голландтық зейнеткер өзінің 100 жылдық мерейтойына көлік сыйлады

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Голландтық зейнеткер Йос Янссен өзінің жасы жүзге келгеннен кейін жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту үшін дәрігерлік комиссиядан өтті, деп хабарлайды Rambler. Дәрігерлер Нидерландының ең егде тұрғынына тағы бес жыл ішінде көлік жүргізуге рұқсат берді. Қуанышы қойнына сыймаған зейнеткер көп ойланбай-ақ, өзіне жаңа көлік сатып алды.

Йос Янссеннің жалпы жүргізушілік өтілі 82 жылды құрайды. Жүз жасар автожүргізушінің айтуынша, жас кезінде ол көлікпен көп серуен жасап, жыл сайын орташа есеппен 80 мың шақырымды еңсеріп отырған. Дегенмен, қазіргі күні ол тек негізінен дүкенге және дәрігерге ғана көлікпен барып, жылына шамамен 7 мың шақырым ғана жол жүреді. Қалай десе де, зейнеткер көлік рөліне күнде отыратын көрінеді.