Голливуд актері ұрланған динозаврдың бас сүйегін Моңғолияға қайтарып беретін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Голливуд актері Николас Кейдж АҚШ билігіне өзі 2007 жылы 276 000 долларға сатып алған динозаврдың бас сүйегін қайтарып беретін болды.

Өйткені, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік қызметі бас сүйек Моңғолиядан ұрлық жолмен әкелінген болуы мүмкін екенін хабарлаған.

-Бұл шешімге актер тергеушілер бас сүйек заңсыз жолмен Моңғолиядан шығарылғанына көз жеткізгеннен кейін ғана АҚШ үкіметіне тапсыруға келісті, - деді актердің агенті Алекс Шэк.

Бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай бас сүйекті сатып алуға актер Леонардо Ди Каприо да әрекет еткен. Алайда, Кейдж жоғары баға ұсынған, деп хабарлады Reuters.