Бұл туралы бүгін Астана күні мерекесіне орай елордада өтіп жатқан экшн-фильмдердің «Астана» халықаралық фестиваліне келген Голливуд әртісі Стивен Сигал айтты.
«Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Қазақ халқының өз мәдениеті мен табиғатына деген құрметі мені үнемі таңдандырады және таңдандыра беруде. Сол себепті осында болу мен үшін зор қуаныш. Бұл фестивальдің маңызы жоғары және ол өте қызықты», - деді ол журналистермен өткен баспасөз мәслихатында.
Оның пікірінше, қазақ халқының аса бай мәдениеті мен тарихының осы уақытқа дейін сақталып келуі - сол махаббаттың арқасы.
Сондай-ақ ол, барлық дінге және барлық ұлтқа толерантты қарайтынын айтты. «Мені ислам діні тәнті етеді. Бірақ өзім буддизм дінін ұстанамын», - деп түйіндеді ол.
С.Сигал фестиваль күндері Астананың бірқатар көрікті жерлерінде болуды жоспарлап отыр. Ол әсіресе, «Бәйтерек» монументі мен «Пекин Палас» сарайын көргісі келетінін айтты.
Еске салайық, Астана күні мерекесін атап өту аясында биыл елордада экшн-фильмдердің «Астана» халықаралық фестивалі екінші рет шымылдығын ашты. Фестивальдің ашылу салтанаты кеше Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Астанаға арнайы ат арытып келген голливуд әртістері Стивен Сигал, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте, ресейлік жұлдыздар Дмитрий Нагиев, Николай Валуев, Марат Башаров, Егор Кончаловский, Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова және Виктор Вержбицкий сонымен бірге, Қазақстанның кино әртістері Досқан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов, Венера Нығматулина, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдрайымов, Әсел Сағатова, Әмір Қарақұлов, Ахан Сатаев, Игорь Вовнянко және Ардақ Әмірқұлов алдымен, дәстүрлі түрде, жанкүйерлерінің алдында қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. 5 шілдеге дейін өтетін фестиваль барысында Астана кинотеатрларында 21 фильм көрсетілетін болады. Сондай-ақ, кино өнерінің майталмандарынан құралған қазылар алқасы фестивальға ұсынылған жас режиссерлердің жобаларын қарап, жеңімпазды анықтайтын болады. Фестиваль Астана әкімдігінің қолдауымен өткізілуде. Оның президенті - әлемдік режиссер Тимур Бекмамбетов.