Голливуд фильмдерінен бас тартуға болады - қырғыз режиссері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан XIII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі аясында Қырғызстанның кинематографистер одағының төрағасы, режиссер Садық Шер-Нияз өз елінде Голливуд фильмдерінен бас тарту бастамасы қандай нәтиже бергенін айтып берді. Бүгін Қазақстан, Грузия, Қырғызстан мен Өзбекстанның кинематографистері бас қосып, АҚШ-тың фильмдеріне қарай бермей, кинопрокатты өздігімен дамыту мәселелерін талқылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бір жылы біз Голливуд фильмдерінен мүлдем бас тарттық. Мен "Манас" кинотеатрында шетелдік киноны мүлдем көрсетпесін деп бұйрық шығардым. Соның арқасында отандық фильмдерге сұраныс артты, адамдардың саны да көп болды. Қырғыздың жақсы фильмдеріне ұзақ уақыт бойы жоғары сұраныс болды. Мәселен, "Ананы іздеу жолында" фильмі Қазақстанда да жақсы көрсетілді", - дейді Садық Шер-Нияз. Режиссердің ойынша, "Еуразия" кинофестивалі арқылы ТМД елдерінің фильмдерін кеңінен көрсетіп, жергілікті нарықты барынша қорғауға болады. 

Жиынның модераторы Бауыржан Шүкенов те бұрынғы дәстүрдің де, байланыстардың да үзілгеніне баса назар аударып, көрші елдердің кино саласындағы ынтымақтастығын дамыту қажеттігін жеткізді. "Шыны керек, қазіргі кезде біз АҚШ, Ресей, Украина және тағы басқа елдердің кино жаңалықтарын жақсы білеміз де, көрші мемлекеттерде не болып жатқанын білмейміз. Сол себепті бүгінгі жиынды өткізгенді жөн көрдік. Бәлкім, бір меморандумды рәсімдейміз, я болмаса, киноальясқа бірігеміз. Бізге қауымдастықты да құруға болады. Соның арқасында әріптестік байланыстарды дамытуға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті Б. Шүкенов.