Голливуд жұлдызы Қазақстанның соғыс балаларына көмектесудегі күш-жігеріне қолдау көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлықтарының лауреаты Форест Уитакер Қазақстан ұйымдастырған БҰҰ-ның қарулы қақтығыстарға қатыстырылған балаларды қайта интеграциялау жөніндегі достары тобының бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оскар» сыйлығының иегері Форест Уитакермен бізді не байланыстырады? Танымал америкалық актер әрі режиссер - қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларға көмектесуді жақтаушы, ЮНЕСКО-ның бейтішілік және татулық жөніндегі арнайы елшісі, АҚШ-тағы Халықаралық бейбітшілік институтының негізін қалаушы. Бүгін ол бізді қолдауға келді және Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ-ның қарулы қақтығыстарға қатыстырылған балаларды қайта интеграциялау жөніндегі достары тобының бірінші отырысында сөз сөйледі», - деп жазды Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге 40-қа жуық БҰҰ мүше-мемлекеттерінің, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік банктің және түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан.

«Қазақстан біздің ең құнды қазынамыз саналатын балалардың, әсіресе қарулы қақтығыстардан зардап шеккен ұлдар мен қыздардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық халықаралық бастамаларды қолдайды», - деп атап өтті Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде.

Ол сондай-ақ, балаларды реинтеграциялаудың жаңа тәсілдемесі олардың қалыпты өмірге сәтті оралуына ғана емес, балаларға өздерінің қауымдарына «оң өзгерістердің өкілдері» ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді деп атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан, Мальта және Франция бірлесіп басқаратын Балаларды реинтеграциялау жөніндегі БҰҰ достары тобы 2018 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-да құрылған Реинтеграция бойынша жаһандық коалицияның құрамдас бөлігі болып табылады. Коалицияның түпкі мақсаты - қарулы қақтығыстардан зардап шеккен балаларды, оның ішінде терористік ұйымдармен жалданған бұрынғы әскер балаларды, әдеттегі өмірге қайтарудың жаңа, тиімді әдістерін әзірлеу.

«Бұл мәселені шешу үшін Коалиция осы мәселе бойынша зерттеу жүргізу үшін бүкіл әлемнің танымал ғалымдары мен сарапшыларын жұмысқа тартты. Сонымен бір мезгілде мүше мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктері арасында ақпарат пен тәжірибе алмасу жүзеге асырылуда. Коалиция жұмысының нәтижелері 2019 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы шеңберінде жоғары деңгейдегі іс-шара барысында әлемдік қоғамдастыққа ұсынылатын болады», - деп мәлім етті СІМ.