Головкин Альвареспен шаршы алаңда кездесуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары, сондай-ақ Халықаралық бокс федерациясы нұсқасы (IBF) бойынша әлем чемпионы, қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин өзінің келесі жекпе-жегін Сауль «Канело» Альварес - Амир Хан кездесуінің жеңімпазымен өткізгісі келеді. Бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Геннадий GGG Головкин» тобы хабарлайды.

Ал Альварес-Хан кездесуіне келсек, сарапшылар оның фавориті ретінде көбінесе мексикалық боксшыны айтады. Титулды қорғауға арналған шаршы алаңдағы кездесу 7 мамырда АҚШ-тағы Лас-Вегаста өтеді деп жоспарланып отыр. Онда екі боксшы WBC титулы үшін барын салады. Кездесу 155 фунт (70,3 келі) аралық салмақ аясында өтпек.

Еске сала кетейік, жерлесіміз Г.Головкин (35-0, 32 КО) бүгінгі күні әлемдік бокс серияларының WBA, IBO, WBC (Interim) және IBF секілді төрт белбеуінің иегері.

Бүгін суперчемпион, жеңімпаз Геннадий Головкин бұған дейін еш жеңіліп көрмеген америкалық Доминик Уэйдті (18-0, 12 КО) екінші раундта нокаутқа жіберіп, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Енді ол 7-мамырда өтетін кездесудің қай жеңгенімен шығуға өзінің дайын екенін айтып отыр.