Головкиннің промоутері Том Леффлердің айтуынша, өткен жылы Астанадағы ЭКСПО аясында үлкен бір бокс кешін ұйымдастыруға қатысты жоспар болған. Алайда уақыт тығыз болды.
«Иә, былтыр жазда біз ЭКСПО аясында жекпе-жек өткізуге жақын болдық. Бірақ наурыз айындағы Дэнни Джейкобс пен қыркүйектегі «Канелоға» қарсы жекпе-жектердің арасы тым тығыз болды. Бас кезінде Билли Джо Сондерспен кездесеміз деген жоспар болған. Енді, Синко де Майода (5 мамыр - мексикалықтардың мерекесінде) бәрі жақсы болады деп сенеміз. «Канело» барлық тесттерді тапсырып, алдағы жекпе-жек ойдағыдай өтеді деген үміт бар. Әрине, Геннадийді Қазақстанға апарып, сол жерде үлкен бір айқасты ұйымдастырсақ, тамаша болатын еді. Ол жақта жекпе-жекті 40 мың адам сиятын футбол стадионында жасауға болады», - деді Леффлер Periscope-трансляцияда.
Осы орайда Т.Леффлер Астанадағы футбол стадионын АҚШ-тың «StubHub Center»-мен салыстырды. «StubHub Center-мен салыстырғанда ол стадионның шатыры жабылады (күлді)», - деп атап көрсетті промоутер.