Головкин Халықаралық бокс Даңқ залы мүшесіне үміткер атанды

Фото: Boxingscene.com

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан кәсіпқой боксының аңызы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин (42-2-1, 37КО) Халықаралық бокс Даңқ залы (IBHOF) жаңа мүшелігі үміткерлер қатарына енді.

Boxingscene.com сайтының хабарлауынша, 2026 жылғы IBHOF жаңа мүшелігіне үш аңыз боксшы үміткер атанып отыр. Олардың қатарында қазақстандық былғары қолғап шебері Головкиннен басқа америкалық Вернон Форрест және ирландиялық Стив Коллинз бар.

Америкалық басылымның хабарлауынша, Геннадий Головкин орта салмақта WBA/IBF/WBC нұсқасы бойынша ұзақ жылдар чемпиондық атағын қорғап, бокс жанкүйерлері үшін керемет жекпе-жектер өткізді. Соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізген қазақстандық боксшы үш жыл бойы белсенді болмаған соң, аңыз боксшылар тізімі қатарына қосылуға лайықты.

Вернон Форрест (41-3, 29КО) жартылай орта салмақта және кіші орта салмақта әлем чемпионы атанған. Боксшы соңғы жекпе-жегін 2008 жылы өткізіп, 2009 жылы бұзақылар қолынан қаза тапты.

Стив Коллинз (36-3, 21КО) 1990-шы жылдары орта салмақта және супер орта салмақта WBO титулдарына ие болған.

Әйелдер арасында үміткерлер қатарында Жапонияның бес дивизион чемпионы Наоко Фудзиока (19-3-1, 7 КО), германиялық екі дивизиондағы әлем чемпионы Кристина Хаммер (28-1, 13 КО) және мексикалық Джеки Нава (40-4-4, 16 КО) бар.

Айта кетерлігі, дауыс беру нәтижесі желтоқсан айының басында белгілі болады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Мажарстан бокс федерациясының 100 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған іс-шараның құрметті қонағы болды.