Головкин Канелодан нокаутпен жеңілетіні туралы болжам айтылды
04:05, 20 Ақпан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аралас жекпе-жек жауынгері Тито Ортис FightHub TV-ге берген сұхбатында Геннадий Головкиннің (36-0, 33 КО) Сауль Альварес «Канеломен» (48-1-1, 34 КО) ықтималды айқасына қатысты пікірін білдірді, деп жазады Sports.kz.
«Мен бұл айқаста Головкинді жеңімпаз ретінде көріп отырғаным жоқ. Ал Канелоны - көріп тұрмын. Мен Головкинді қатты сыйлаймын, ол өте мықты панчер және тамаша боксшылардың бірі. Бірақ егер олардың жекпе-жектері болып жатса Канело нокаутпен жеңеді. Меніңше, сегізінші раундтқа жақын кезде», - деді Ортис.
Головкин-Канело жекпе-жегі қыркүйек айында болатыны күтілуде. Қалай дегенмен, боксшылардың промоутерлері Том Лёффлер мен Оскар де ла Хойдың өзара ауызша келісімі бар. Бірақ алдымен қазақстандық боксшыға Дэниэл Джейкобсты (32-1, 29 КО), ал Альвареске Хулио Сесар Чавес-кішіні (50-2-1, 32 КО) жеңу керек.