Головкин командасы оның Брукпен кездесуі алдында ауырды деген сыбыстың себебін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің промоутері және бапкері Келл Брукпен кездесу алдындағы боксшының жағдайы туралы түсіндірді, деп хабарлады Sports.kz.

«Бұл сыбыстың қайдан шыққанын білмеймін. БАҚ баспасөз мәслихатынан кейін Геннадийден сұхбат алмақ болған, алайда спортшы қонақүйге кеткендіктен осындай қауесет пайда болды деп ойлаймын.  Олар боксшы ауырып тұр деп ойлап, түймедейді түйедей етті», - деді Boxingscene.com GGG промоутері Том Леффлер.

Геннадий бапкері Абель Санчестің сөзіне қарағанда, екі сағаттай көлік кептелісінде тұрып қалған боксшының көңіл-күйі болмаған. Сондықтан ол салмақты өлшеген соң, қонақ үйге кетпек болды.

«Салмақ өлшейтін күні қонақ үйден сол жерге бір сағат 40 минуттай жеткенбіз. Бұл көңіл-күйге әсер етті. Бұдан кейін ол қонақ үйге барғысы келді», - деді Санчес.