Головкин мексикалықтарға ақшалай көмек көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA Super, WBC, IBF мен IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин Мексика халқына материалдық көмек көрсетеді.

Аталған көмекті боксшы қайырымдылық қоры арқылы аударып береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

GGG-дің промоутері Том Леффлердің айтуынша, қазанның екінші жартысында Геннадий Мехикоға барады. «GGG Мехиконың қайғысына ортақ және халықтың басына түскен проблеманы жақсы түсінеді. Сол себепті Карлос Слимның қоры арқылы қайырымдылық жасайды. Оның жүрегі мексикалық фанаттармен бірге, Геннадий оларға өз елін қалпына келтіруге көмектескісі келеді», - дейді Леффлер.

Айта кетейік, Карлос Слим - әлемге әйгілі филантроптардың бірі. Оның бастамасымен арнайы қор ашылған болатын. Аталған ұйымның есебінен білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет саласындағы жобалар қаржыландырылады.