Головкин мен Альварес үш жекпе-жек өткізеді - Де Ла Хойя

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі нұсқа бойынша бұрынғы әлем чемпионы мексикалық Канело Альварестің (49-1-2, 34 КО) промоутері Оскар Де Ла Хойя оның қамқорлығындағы спортшының Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) айқасы тек екі жекпе-жекпен шектеліп қоймайтынына сенімді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Еске салайық, таяуда боксшылардың қарымта айқасы туралы ресми хабар жарияланған болатын. Реванш 5 мамыр күні АҚШ-та өтеді. Олардың алғашқы жекпе-жегі былтыр қыркүйекте тең нәтижемен аяқталған.

«Біз мұндай айқасты көптен бері көрмеген едік, - деді Де Ла Хойя The Desert Sun-ға берген сұхбатында.

«Айқасуды көксеп тұрған орта салмақтағы тамаша екі боксшымыз бар. Айтпаса да қызық болатыны белгілі. Нағыз бокстың қандай болатынын танытпақ. Бізді жылдың тағы бір боксы күтіп тұрғанына сенімдімін».

«Үшінші айқастың болуы да ғажап емес, - деп жалғастырды Оскар.

«Бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталды, реваншта кім жеңіске жетсе де, ұтылған адам есесін қайтарғысы келеді».