Головкин мен Альварестің реваншы қай уақытта көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Головкин-Альварес реваншы мамырдың 5-сі күні өтеді. Алайда қарымта жекпе-жектің өтетін жері әлі белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Boxingscene.com сайтының ақпаратына сәйкес, GGG мен «Канело» арасындағы реванш Солтүстік Американың уақыты бойынша сағат 20:00-де басталады. Демек, Қазақстанда аталған жекпе-жектің трансляциясы 6 мамыр күні таңғы сағат 07:00-де көрсетіледі.

GGG-дің промоутері Том Леффлердің айтуынша, қазіргі кезде реванш үшін екі алаң таласып жатыр. MGM Resort-тың өкілдері тиімді ұсыныс жасаса, жекпе-жек қайтадан Лас-Вегастың «T-Mobile Arena» алаңында өтуі мүмкін. Нью-Йорктегі Madison Square Garden де қарымта жекпе-жекті ұйымдастыруға мүдделі.

«Аталған екі мекеме өз ұсыныстарын жасағаннан кейін екі-үш аптаның ішінде біз өз шешімімізді шығарамыз», - дейді Т.Леффлер.

Ал «Канелоның» өкілі Оскар Де Ла Хойяның сөзіне қарағанда, реванштан түсетін табыстың көлемі алғашқы жекпе-жектен де артық болуы әбден мүмкін.

«Бірінші жекпе-жекте билеттен түскен пайда 26 миллион долларды құрады. Бұдан бөлек, HBO-да 1,3 миллионнан астам ақылы трансляциялар сатылды. Ол шамамен 80 миллион долларға тең. Алғашқы жекпе-жектен үш апта бұрын Флойд Мейвейзер мен Конор Макгрегордың кездесуі өткен еді. Аталған шара табыстың көлеміне кері әсерін тигізді. Осы жолы реванштан үш есе артық ақша түсуі тиіс», - деп атап көрсетті Де Ла Хойя.

Айта кетейік, бүгін Головкин мен Альварес реванштың өтетінін ресми түрде жариялады.