Головкин мен Альварестің сөзталасы: қазақтар әлде мексикалықтар мықты?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-1, 34 КО) Maxim журналына берген сұхбатында өз ұлттарын салыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz -ға сілтеме жасап.

-      Олар да, өзгелер де - өте мықты. Қазақтар, орыстар... осы өңірдегі барлық жауынгерлер өте мықты, бетпе-бет келуден жасқанбайды, күштері көп. Бірақ мексикалықтар да дәл сондай. Мен де дәл солай тұрамын және өз қабілеттерім мен контршабуылдарымды қолданғанды ұнатамын. Мексикалық стиль жақсы жекпе-жекке негіз болады», - деп санайды «Канело».

-      Біз - тұрпатымыз өте ұқсас адамдармыз, бұл тұрғыда екі ұлттың да жақындығы бар. Жақсы әрі мықты жауынгерлер», - деп қосты GGG.

Еске салайық, Головкин-Альварес жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы «T-Mobile Arena»-да өтеді.

Кеше бұл кездесудің басталатын уақыты белгілі болғанын айтқан едік.

«Негізгі шара Шығыс жағалауы уақытымен кешкі сағат 11-ден кешікпей басталады. Сондықтан журналистер мен жанкүйерлер 12 немесе түннің ортасына дейін күтіп отырмайды. Бұл айқасты сағат 11-де  көре аласыздар», - деген болатын Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Де Ла Хойя Нью-Йоркте өткен баспасөз конференциясында.

Осылайша, қазақстандық көрермендер үшін жекпе-жек 17 қыркүйек, жексенбі күні таңғы сағат 9-дан кешікпей басталады.

Бұл жекпе-жек орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин үшін спорттық мансабындағы соңғысы болуы мүмкін.

«Мен осы жекпе-жектен кейін кәсіби спорттан кететін шығармын. Бәлкім, кетпеймін. Мен өз бабымдамын және өзімді 25 жастағыдай сезінемін. Алайда бұл футбол емес, бокс. Бокс ойын емес, жан беретін бәсеке. Бәсекенің қай-қайсы болмасын өзінше ауыр», - деді Г. Головкин.