Головкин мен Канелоның айқасы: Үшінші жекпе-жектің жеңісі кімнің еншісіне бұйырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17 қыркүйекте бокс әлемінің назары тағы бір рет қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге аумақ. Өйткені ол өзі үшін алынбас қамалға айналған мексикалық талантты спортшы Сауль Альвареспен үшінші мәрте кездесу өткізеді. Бұл жекпе-жектің жеңісі кімнің еншісінде кетеді? Бүгінгі күні бокссүйер қауымның әбден талқылайтын тақырыбы осы болып тұр.

Photo: thesun.co.uk

Промоутерің пысық болмаса...

40 жастағы GGG мен 32 жастағы Канелоның текетіресі осыдан 5 жыл бұрын басталған-ды. Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренада өткен жекпе-жек қазақстандық боксшының кәсіпқой мансаптағы жеңіссіз аяқталған алғашқы айқасы болып тіркелді. Әділетін айтсақ, отандасымыз кәсіпқой алаңда жолықтырған ең қауіпті қарсылас та осы Канело болатын. Бұған дейін Геннадий Головкиннің командасы оның салмағындағы талай мықтыға ұсыныс тастағанымен, ол талпыныстардың бәрі сөз жүзінде қалған. Әсіресе Геннадий Головкин нағыз бабында болған кезеңде промоутерлердің оған лайықты қарсылас шақырып бере алмағаны барша қазақстандықтың есінде шығар.

2017 жылға дейін Головкиннің командасы мексикалық Сауль Альвареске де бірнеше рет ұсыныс тастаған. Қазіргі күннің биігінен қарап, Канелоның командасы қазақстандық боксшымен шығатын ең оңтайлы сәтті жылдар бойы ыждағатпен күткенін сеніммен айтуға болады. Ол оңтайлы сәт 2017 жылы келді. 35 жасқа дейін өзінің деңгейіндегі бокс шеберлерінің ешбірімен қолғап түйістірудің ретін таба алмай, өзінен әлдеқайда осал қарсыластарын қуып жүріп сабап үйреніп қалған GGG-ге 27 жасында жалындап тұрған Сауль Альварес қатты қарсылық көрсетті. Есесіне бұл кезге дейін Канело отандасы Габриэл Мартинес, Мигель Васкес, Шейн Мосли, Флойд Мейуезер, Эрисланди Лара, Мигель Котто, Әмір Хан, кіші Чавес Хулио Сесар сияқты өз дәуірінің аты шулы спортшыларымен кездесіп үлгерген болатын. Ал қазақстандықтың кәсіпқой мансаптағы статистикасында аталған боксшылармен шендесе алатын бір де бір қарсылас болмаған. Мұны біреулер қазақстандық боксшының атымен бизнес жасап жүргендердің стратегиясы сауатсыз болғанынан көрсе, бірі Головкиннің ұсынысын «елемеген-сыған» боксшылардың қорқақтығы деп бағалады. Сол «қорқақтардың» ішінде Сауль Альварестің өзі де бар болатын. 2016 жылы тіпті GGG-мен қолғап түйістірмеу үшін чемпиондық атақтарының бірінен бас тартқандар да бар еді.

Қос жұлдыздың алғашқы айқасына төрешілер нүкте қойып, тең тарқасты деген шешім қабылдады. Бұл айқаста қазақстандық боксшының бір бас жоғары болғанын айтып даурыққан жанкүйерлер де болды. Бірақ келесі жылғы қарымта кездесу Головкиннің үлкен бокстағы ең тегеурінді жылдары артта қалғанын айқын көрсетіп берді. Төрешілер мексикалықтың жеңісін тіркеді.

Головкинге екінші мүмкіндік сыйлаған жеңіліс

Геннадидің бұдан кейінгі жекпе-жектері де ортанқол боксшылармен өтті. Ал Канело Сергей Ковалев, Билли Джо Сондерс сияқты мықтылардың белбеуін тартып алды. Биыл мамыр айында мексикалық боксшы 9 жылдан кейін екінші жеңіліске тап келді. Бұған дейінгі жалғыз жеңілісі бокс тарихындағы ең ұлы есімдердің бірі, кәсіпқой мансабын бір де бір жеңіліссіз аяқтаған Флойд Мейуезермен өткен жекпе-жекте тіркелген болатын. 2022 жылдың мамырында Қырғыз Республикасының тумасы, ресейлік Дмитрий Бивол 12 раундтың қорытындысы бойынша 115-113 есебімен жеңіске жетті.

Сонымен, Геннадий Головкиннің Канеломен үшінші кездесуге дейінгі кәсіпқой статистикасы мынадай: 44 жекеп-жек, 42 жеңіс (37 нокаут), 1 тең нәтиже, 1 жеңіліс.

Ал Сауль Альварес Геннадиден 8 жас кіші болса да, кәсіпқой рингте әлдеқайда көп айқас өткізіп үлгерген – 60 жекпе-жек, 57 жеңіс (39 нокаут), 2 тең нәтиже, 2 жеңіліс.

Бұған дейінгі статистиканы сараптасақ, мексикалық боксшының жеңуіне мүмкіндік мол. Ал түрлі бокс жұлдыздарының екі тарапқа кезек-кезек басымдық берген болжамдары алдағы жекпе-жектің «болғанынан боладысын қызық ету» үшін жасалған маркетинг тәсілдері екенін нағыз жанкүйерлер жақсы түсініп отыр. Дегенмен, спорт, соның ішінде осы бокс та ешбір болжамға, ешбір статистикаға бағынбайтын тылсымдығымен тартымды. Сондықтан жеңісті біржақты Канелоның қанжығасына байлап беруге әлі ерте.

Қысқасы, GGG-дің көзсіз жанкүйерлері Канелоның Дмитрий Биволмен болған айқастағыдай солғын өнер көрсетуін тілеп отыр. Ал мексикалықтың тасын жоғары қоюшылар Канелоның қайраты қайта бастады дегеннің өзінде осыдан 5 жыл бұрынғы Голвокиннің жасына әлі жетпегенін алға тартады. Ал қазақстандық боксшы 40-ты орталап қалғанын айттық. Соған қарамастан, кәсіпқой спорттағы ең маңызды кездесулерінің біріне қол жеткізу үшін Геннадий өзіне үйреншікті болып қалған салмақтан супер орта салмаққа ауысып отыр.

«Бұған дейінгі екі айқасқа қарайламай, мұның өзгеше жекпе-жек деген оймен барынша жаттығу керек. Мен мұның оңай айқас болмайтынына сенімдімін. Менің қарсыласым – чемпион, оның төрт белбеуі бар. Ол осы салмақ дәрежесіндегі үздік боксшы болуы да мүмкін. Мен бұл салмаққа бірінші рет өтіп жатырмын және осы дивизиондағы үздік боксшымен жұдырықтасамын. «Канелоны» жеңсем, ол менің мансабымдағы ірі жеңіс болар еді. Қатты қуанар едім», - деген болатын Геннадий Las Vegas Review Journal-ға берген сұхбатында.

Супер орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF, WBO белдіктері үшін 17 қыркүйекте өтетін жекпе-жекті «DAZN» атты ақылы стриминг сервисі көрсетуге құқық алған. Бұған дейін әйгілі отандасымыздың соңғы жекпе-жектерін Qazaqstan және Qazsport арналары көрсеткен еді.

Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтетін бұл жолғы кездесуді мексикалықтар қала кинотеатрларынан тамашалауға мүмкіндік алып отыр.

Sports.kz-тің мәліметіне сүйенсек, бұл айқастың кепілдендірілген жалпы гонорары 80 млн доллар болмақ. Төрешілер шешімімен тең аяқталған бірінші жекпе-жекте Сауль Альварес 40 млн доллар, жеңіспен аяқталған екінші жекпе-жекте 30 млн доллар алған еді. Биылғы жекпе-жектен кемінде 50 млн доллар гонорар алуға тиіс. Бұл жерде билет сатылымы мен көрсетілімдерден түсетін пайыздар есепке алынбаған. Осылайша мексикалық боксшы GGG-мен өткізген 3 жекпе-жектен кемінде 120 млн теңге таза пайда табады деген сөз.

Ал Геннадий Головкин бұл кездесуден нәтижесіне қарамастан 30 млн доллар гонорар алады. Өйткені кепілдендірілген 80 млн доллар гонорардың 50 млн доллары Канелоға тиесілі.



Фото: sports.kz