Жапонияның Сайтама қаласындағы Super Arena кешенінде отандасымыз Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен ринг иесі Риота Муратаның арасында (16-2, 13 КО) өтіп жатқан жекпе-жектің алғашқы раунды аяқталды. Әдеттегідей, бұл раунд қарсыластардың бір-бірін барлауымен есте қалды. Боксшылар орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық титулдар үшін жұдырықтасып жатыр.
Кәсіпқой бокс кешін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетуде. Онлайн qazaqstantv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы да көрсетіледі.
Total Sport сайты бұған дейін Геннадий Головкин бұл кештегі жекпе-жек үшін 5 млн доллар көлемінде кепілдендірілген гонорар және оған қоса PPV-дің 70% үлесін алатынын жазды. Бұл шамамен 12-15 млн доллар.
Еске салсақ, кеше «GGG» 40 жасқа толды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді туған күнімен құттықтады.