Бұрын осы ұйымның президенті Маурисио Сулейман айтқандай, Головкиннің бапкері Абель Санчес те марапатталды. GGG Туиттердегі парақшасында WBC белдігін иығына асынып тұрған Санчеспен түскен суретін жариялады, ал астына қысқа да нұсқа етіп: «Бапкер» деп жазды.
Еске сала кетейік, Мексиканың «Синко де майо» мерекесі күні өткен жекпе-жекте Головкин екінші раундта Мартиросянды терең нокаутқа жіберіп, орта салмақтағы әлем чемпионы атағын жиырмасыншы рет сәтті қорғаған болатын. Бұдан тыс, Головкин WBC-дің арнаулы «Цельтальдар» белдігін де жеңіп алды. Оны Мексикада тұратын цельталь үндістерінен шыққан шеберлер жасаған. Сонымен қатар қазақстандық былғары қолғап шебері WBA Super, WBC, IBF және IBO белдіктеріне де ие.