Boxingnews24.com сайтының журналисі Адам Годфри қазақстандық боксшының соңғы мәлімдемесін сараптап шықты. Оның ойынша, ондай сөздер Головкиннің «дипломатиялық» мінезіне сәйкес келмесе де, ол өз қарсыласын сөзбен жайдан-жай түйреп өткен жоқ. «Альварес-Чавес жекпе-жегінен кейін рингке шыққан Головкин мүлдем басқаша сөйледі. Сол кезде ол мексикалық боксшының өнерін жоғары бағалады. Қазіргі мәлімдемесі оған кереғар. Бәлкім, рингсайда отырғанда Головкин жекпе-жекті басқаша қабылдады. Ал теледидардан қайта көргеннен кейін өз көзқарасын өзгертті. Жоқ, олай емес сияқты. Рингке шыққанда Геннадий қобалжыған болар. Ол да қисынға келмейді», - деп жазды Адам Годфри.
Журналистің сөзіне қарағанда, бұның барлығы - алдағы жекпе-жекті кеңінен насиxаттаудың тактикасы, xалықтың қызығушылығын арттырудың амалы. Себебі боксшылар арасындағы осы іспетті текетірестер жанкүйерлердің жекпе-жекті көруге деген ынтасын күшейтеді.
«Көрелік, Головкиннің осы «артиллериялық соққысынан» кейін оның қарсыласы дәл солай жауап бере ала ма? Ай-қайдам, «Канело» ағылшын тілінде сөйлемейді. Иә, Головкин де тамаша сөйлейді деп айта алмаймыз. Бір сөзін қайталай береді. Дегенмен, тілді ұстарту жағынан ол айтарлықтай жетістікке жетті. Ал нағыз «трэштокингті» жасау үшін сөйлей беру керек. Головкин мен Альварес арасында біз ондай текетіресті көре алмайтын сияқтымыз. Геннадий езуін бір тартып, сөзбен соққы жасаса, «Канело» үшін Оскар Де Ла Хойя жауап беретін шығар. Қалай болса да, сөз жарысының бірінші раунды Головкиннің пайдасына шешіліп отыр», - деп атап көрсетті автор.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ журналистері Головкинді ағылшын тілін үйренгені үшін мақтаған болатын.