Рубио әлі күнге шаршы алаңда жеңілістің ащы дәмін татпаған қазақстандық боксшының жолына тосқауыл қоя алатындығына сенімді. 18 қазанда Головкинмен өтетін жекпе-жек - мексикалық боксшының басты мақсаты. Айта кетерлігі, Рубио WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы және қазіргі чемпионмен Мигел Коттомен жұдырықтасуға міндетті. Лайда Рубио командасы Коттомен таяу аралықта шаршы алаңдағы кездесудің өте қоятындығына сенімсіз.
Рубионың атап өтуінше, Головкин - жақсы боксшы. Бірақ, мексикалықтың Геннадийді жеңуге шамасы жететін көрінеді. «Меніңше, Головкин өте мықты. Бірақ, менің оған лайықты қарсылас болуға, тіпті нокаутқа жіберуге де күшім жетеді. Мен бұл жекпе-жекпе дайындалмақпын, кездесу өте қиынға түседі», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда батыстық басылымдар кәсіпқой бокс аренасында ел намысын қорғап жүрген жерлесіміз Геннадий Головкин келесі кездесуін 18 қазан күні мексикалық Марк Антонио Рубиоға қарсы өткізуі мүмкін екендігін жариялаған болатын. Мексикалық боксшы қазіргі таңда орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің уақытша иегері саналады. Соңғы кездесуін сәуір айында итальян Доменико Спадаға қарсы өткізіп, мезгілінен бұрын жеңіске жеткен. 34 жастағы боксшы 2000 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Осы аралықта 62 жекпе-жек өткізіп, 55-інде жеңіске жеткен. 6 кездесуінде жеңіліс тапса, 1 жұдырықтасуын тең аяқтаған. Ал 55 жеңісінің 48-інде қарсыласын нокаутқа жіберген.