Головкиннің Джейкобс арқылы Альваресті «қақпанға» түсіргеніне сенбеймін - Сәпиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің ойынша, Головкин -Альварес жекпе-жегі 12 раундқа дейін созылып кетсе, төрешілер шешімімен жеңу қиын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Головкин жеңеді. Бұл - оның кәсіби бокстағы маңызды жекпе-жегі. Дегенмен, менде де, жанкүйерлерде де бір қобалжу бар. Себебі Головкиннің соңғы жекпе-жегі ойдағыдай болмады. Өз басым «Геннадий Головкин Джейкобс арқылы Альваресті қақпанға түсірді» деген болжаммен келіспеймін. Оның бәрі - өсек-аян. Оған сене беруге болмайды. Қазір мен де, басқа адамдар да Альвареске қарсы жекпе-жек 12 раундқа дейін созылып кетеді деп қауіптенеміз. Ондай боса, төрешілер шешімімен жеңу қиындау болады», - деді Сәпиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның пайымынша, бұған дейін Головкин жиі бокстасты. Содан болар, Джейкобске қарсы шыққанда қарсыласын нокаутқа түсіре алмады. «Бұл жолы Головкин жақсы демалды. Енді, алдағы жекпе-жекке толығымен дайын болады деп ойлаймын. Қазір реванш, трилогияға көп сене беруге де болмайды. Головкинге алдымен айқын басымдықпен жеңу керек. Содан кейін реванш жайында сөйлесуге болады», - деп атап көрсетті Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Сәпиев кәсіби бокстағы тағы бір спортшымыз Қанат Исламға промоутерді ауыстыру қажет деп санайды.