Головкиннің «Канеломен» трилогиясы алдында кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - The Athletic инсайдері Майк Коппинджердің ақпаратынша, IBF/IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 18 желтоқсан күні АҚШ-та өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның қарсыласы – ІBF-тің міндетті үміткері, Польша боксшысы Камил Шеремета болады. Бұл айқас Сауль «Канело» Альварестің 19 желтоқсанда DAZN-да Каллум Смитқа қарсы жекпе-жегінің алдында өтеді. Қазақстандық және мексикалық спортшылардың үшінші айқасы келесі жылы өтеді деп жоспарланып отыр.

«Енді, 19 желтоқсанда «Канелоның» Смитқа қарсы жекпе-жегі өтетін болса, Головкин мен Шеремета 18 желтоқсанда жұдырықтасатын болады, әрине, егер DAZN-мен келісу мүмкін болса. Дереккөздерге сенсек, бұл кездесу Техас немесе Флоридада өтуі мүмкін және «Канело» мен GGG мамыр айындағы үшінші жекпе-жектің алдында бірдей кестеге орналасады», - деп жазды Коппинджер Twitter-де.

Еске сала кетсек, BoxRec.com беделді сайты салмақ дәрежесіне қарамастан (pound-for-pound) әлемнің үздік боксшылары рейтингісінің жаңартылған нұсқасын ұсынды. Ондағы бірінші орында британдық боксшы Тайсон Фьюридің есімі тұр, одан кейін тізімде АҚШ өкілі Эррол Спенс пен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орналасқан.