Головкиннің келесі қарсыласы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британиялық кәсіби боксшы Мартин Мюррей (28-1-1, 12 КО) жақында ғана чемпиондық титулын қорғап қалған қазақстандық Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы болмақ, деп хабарлайды Sports.kz.

Ол осы аптаның соңында италиялық боксшы Доминик Спадпен қолғап түйістіреді. Содан кейін ол Головкинмен шаршы алаңға шықпақ.

«Менің ойымша, Головкин - орта салмақтағы ең мықты боксшы. Дегенмен, мен орта салмақтағы боксшылардың қай-қайсысына болмасын қарсы тұра алам. Геннадидің бұрынғы қарсыластары моральдық тұрғыда дайын болмай шығатын. Ал мен ондай спортшылардан емеспін, оған лайықты қарсылас болу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын», - дейді Мюррей.

Естеріңізге саламыз, Геннадий Головкин 19 қазанда мексикалық боксшы Марко Антонио Рубионы 2-раундта нокаутпен жеңген болатын. Бұл қазақстандық боксшының кәсіби бокстағы 31-жеңісі болып тіркелді, оның 28-інде қарсыластарын есінен тандыра сұлатқан.