Гонконг басшысы Джон Ли Қазақстанға алғаш рет сапарлап келді

АСТАНА. KAZINFORM – 31 мамыр мен 3 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің Қазақстанға алғашқы сапары өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаев апталық брифингіде айтты.

Фото: South China Morning Post

Ресми делегациядан бөлек, Джон Лимен бірге елімізге Гонконгтың ірі компаниялары мен қаржы институттарының өкілдерінен құралған ауқымды бизнес-делегация (шамамен 70 адам) келді.

– Гонконгтың Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін ескере отырып, бұл сапар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан экономикасының басым секторларына инвестициялар тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық және іскерлік байланыстарды нығайтуға тың серпін береді деп жоспарланған, – деді ресми өкіл елордада өткен брифингіде.

Айта кетейік, 22 мамырда Бас Прокурор Берік Асылов қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты орнату мақсатында Гонконгқа жұмыс сапарымен барды. Онда Қазақстан мен Гонконг қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге қол қойды.