Гонконг онлайн-такси қызметтерін реттемек

Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM – Гонконг билігі Uber сияқты онлайн-такси агрегаторларының қызметін заңмен реттеуді ұсынды. Бұл туралы Kazinform Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл бастама дәстүрлі такси секторының табысы азайып, нарықтағы теңсіздікке шағымдануына байланысты көтерілген.

Ұсынылған заң жобасына сәйкес, онлайн-платформалар міндетті түрде лицензия алуға және бірқатар талапты орындауға тиіс. Рұқсатсыз қызмет көрсеткендерге айыппұл мен бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Uber жолаушылар қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қолдаса да, автокөлік санына шектеу қою табысқа кері әсер етуі мүмкін деп санайды. Агрегатордың жүргізген сауалнамасы бойынша, Гонконгтегі жүргізушілердің 80%-ы қатаң квота мен жоғары лицензиялық алымдардан қауіптенеді.

Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли онлайн-сервистер мен дәстүрлі такси қызметінің қатар өмір сүруіне жағдай жасау қажет екенін айтты.

Квота жүйесі бойынша нақты ұсыныстар 2026 жылдың алғашқы жартысында ұсынылады. Ал қажетті заңнамалық түзетулер биыл үшінші тоқсанда енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, Гонконгтан Астана мен Алматыға рейстер ашылуы мүмкін.