Гонконгқа «Хато» тропикалық дауылы төніп келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Гонконгта Тынық мұхиты жақтан «Хато» тропикалық циклонының жақындап келе жатқанына байланысты тұрғындарға алдын ала ескерту берілген. Дауыл бір тәулікке жетпей мегаполиске жақындайды деп күтілуде. Бұл туралы бүгін жергілікті метерология қызметі хабарлады, деп жазады ТАСС.

«Хатоның» қазіргі траекториясына байланысты жорамалдарға сенсек, ол Гонконгқа сәрсенбі күні таңертең келеді.Оның эпицентрі қаладан 100 км-ден де аз радиуста болуы мүмкін», - дейді метерология қызметі.

Қазіргі уақытта циклон Тайвань мен Лусон атты солтүстік Филиппин аралдарының арасында қаһарына мініп тұр. Құйын солтүстік-батыс бағытта қозғалуда. «Хато» тропикалық нөсер мен жылдамдығы 30 м/с-ға дейін жететін дауылды алып келе жатыр. Дауыл шарпып өтетін аумаққа Гуандун оңтүстік қытай провинциясы мен Макао ауданы да еніп тұр.