Гонконгта 28 тонна піл сүйегі жойылғалы жатыр

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Гонконг билігі браконьерлерден тәркіленген 28 тонна пілдің сүйегі мен одан жасалған бұйымдардың көзін жоюды жоспарлап отыр.

Елдің табиғатты қорғау ұйымдары мемлекет тәркілеген сүйектердің көзін жою туралы мәселе көтергеніне бірнеше жыл болды. 1990 жылдан бері пілдің сүйегін саудалауға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, «қара базарда» құны қымбат сүйектерді сату Гонконгта қалыпты жағдайға айналған.

Браконьерлердің қылмысы Африкадағы пілдердің күрт азаюына соқтырып отыр, дейді Гонконг басшылығы.

Бүгінде тәркіленген сүйектерді сақтайтын қойма лық толғандықтан, 28 тонна сүйек пен сүйектен жасалған бағалы бұйымдардың көзін жою туралы шешім қабылданды. Осы мақсаттағы жұмыс 2014 жылдың екінші жартысында басталады деп күтілуде. Қоймадағы бұйымдардың көптігі сонша, оны жоюға 1-2 жыл уақыт кетеді.