Гонконгта 330 мың долларлық тонау ісі бойынша алты адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Гонконг полициясы сенбі күні Шёнг-Ван ауданында болған тонау оқиғасы бойынша алты адамның ұсталғанын хабарлады. Аталған қылмыс барысында 51 миллион иен көлемінде қолма-қол ақша (шамамен 330 мың АҚШ доллары) ұрланған, деп жазады Xinhua агенттігі.
Қамауға алынғандар — бес ер адам мен бір әйел. Олардың барлығы тонау қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Полиция қосымша тұтқындаулар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жұма күні таңертең жапондық бағалы металдармен сауда жасайтын компанияның екі қызметкері Шёнг-Вандағы Дес-Вё-Роуд-Сентрал көшесінде валюта айырбастау үшін 190 миллион иен алып жүрген. Сол сәтте екі ер адам олардың қолындағы ішінде 51 миллион иен болған рюкзакты жұлып алып, автокөлікке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Алты сағаттан кейін Гонконгтың халықаралық әуежайында тонауға қатысы бар деген күдікке ілінген екі адам — Жапония азаматтары және олардың сыбайласы ұсталды. Олардың жанынан ұрланған ақшаның 4,6 миллион иені табылған. Кейінірек криптовалюта биржасында жұмыс істейтін тағы екі ер адам қамауға алынды. Олар ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесті деген күдікке ілінген.
Бұған дейін Токионың орталығында да атышулы тонау оқиғасы болғаны хабарланған еді. Ол кезде қылмыскерлер ішінде 420 миллион иен (шамамен 2,7 миллион АҚШ доллары) бар чемодандармен қашып кеткен. Зардап шеккендер бұл ақшаны Ханэда әуежайынан Гонконгқа жеткізіп, иенді гонконг долларына айырбастауды жоспарлағандарын айтқан.