Гонконгта Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ қаржы, технология және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Сапардың іскерлік бағдарламасының жалғасы ретінде Қанат Бозымбаев пен Джон Ли Гонконгтың ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, технологиялық компаниялары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдерін біріктірген Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.
Қатысушылардың назарына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылып жатқан жаңа экономикалық өсу орталығы — Alatau City-дің инвестициялық әлеуеті ұсынылды. Сонымен қатар арнайы құқықтық режимнің мүмкіндіктері, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ қаржы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, Web3-индустриясы және инновациялық қалалық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары таныстырылды.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Қазақстанның Гонконгты Азиядағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі және инвестициялар, технологиялар мен құзыреттерді тарту үшін маңызды алаң ретінде қарастыратынын атап өтті. Гонконг компаниялары мен қаржы институттарының Алатау қаласындағы жобаларды жүзеге асыруға қатысу перспективаларына ерекше назар аударылды.
— Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару және трансшекаралық жобаларды жүзеге асыру үшін негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Дәл сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қоғамдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет түсінікті қағидаларға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ реттеудің үздік халықаралық стандарттарына басымдық бере отырып, Гонконгта қолданылатын тәсілдермен көп жағдайда үндес келетін арнайы құқықтық режимі бар қала құрылып жатыр, — деді Қанат Бозымбаев.
Өз кезегінде Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли серіктестікті кеңейтуге мүдделілігін атап өтіп, екі тараптың бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қолдау білдірді.
— Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсетуде. Мен ел дамуының серпініне және іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне тікелей көз жеткізе алдым. Жүргізіліп жатқан реформалар, ашықтық және инвесторларға деген көзқарас одан әрі ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер жасайды. Біз серіктестік байланыстарды нығайту үшін осы оң серпінді пайдалануға ұмтыламыз, — деп атап өтті ол.
Дөңгелек үстел аясында Alatau City Authority мен цифрлық технологиялар және инновациялар салаларындағы жетекші корпорациялар арасында ынтымақтастық туралы 6 келісімшарт пен меморандумға қол қойылды. Алатауға инвестиция салуға Alipay цифрлық жүйесін қамтитын ANT Digital Technologies ірі финтех-компаниясы ерекше қызығушылық танытты. Бұдан басқа, Алатау сити жобаларына бастапқы кезеңде қатысуға Web3 технологиялары мен цифрлық активтерді дамыту саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі — Solana Foundation да шешім қабылдады. Құжат Alatau City инновациялық экожүйесін дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, технологиялық стартаптарды қолдау және блокчейн-технологиялар саласында мамандар даярлау бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Іс-сапар аясында Dasco Capital және Templewater компаниялары арасында Қазақстан мен Орталық Азия экономикасына инвестиция салу үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Алатау Сити жобалары жаңа қордың инвестиция салудағы басым бағыттарының бірі болады.
Бағдарлама іс-шараларының бөлек бір бөлігі — Қанат Бозымбаевтың Гонконгтің «бизнес капитандарымен», яғни, Henderson Land, Far East Consortium, Sunwah Group, Bosera Asset Management және өңірдің басқа да ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттары мен корпорацияларының құрылтайшыларымен кездесуі болды. Халықаралық инвесторлар серіктестікке және Алатау қаласының аумағында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Қазақстандық делегацияның Гонконгқа жұмыс сапары Alatau City-дің инвестициялық әлеуетін халықаралық аренада ілгерілетудің маңызды кезеңі болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Алатау қаласының аумағында стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда инвестициялар, технологиялар мен халықаралық серіктестерді тарту үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Осыған дейін Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн долларға жеткенін жаздық.