Гонконгта Алтайдың қысқы туризмінің таныстырылымы «Қаражорға» биімен ашылды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: .weixin.qq.com

Қазақстан мен Иран ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады – Eurasia Today

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Иранның Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Махмуд Сафари Фархудпен кездесті.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, кездесу барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өзара сауда көлемін арттыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға баса назар аударылды.

Фото: kz.eurasiatoday.ru

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Өзбекстанда ішкі әуе рейстерінің билеттері 20 пайызға дейін арзандайды – ӨзА

Өзбекстанда 2026 жылғы 16 қазаннан бастап ішкі әуе рейстерінің билеттері орта есеппен 20 пайызға дейін арзандайды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі. 

Фото: ӨзА

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, тарифтерді төмендету туралы шешім Бәсекелестік комитеті жүргізген зерттеу нәтижесінде қабылданған. Зерттеу барысында әуе тасымалына байланысты шығындарды оңтайландыру мүмкіндіктері қарастырылып, билеттер бағасын төмендету жөнінде ұсыныстар әзірленген.

Жаңа тарифтер ішкі әуе қатынасын халық үшін қолжетімді етуге, ішкі туризмді дамытуға және өңірлер арасындағы қатынасты кеңейтуге бағытталған.

Астана мен Құлжа арасында тікелей әуе рейсі ашылады– Жэньминь жибао

26 қазаннан бастап FlyArystan әуе компаниясы Астана – Құлжа бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Бұл туралы Қытайдың Жэньминь жибао ақпаратттық порталы хабарлайды. 

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңа бағыт бойынша ұшақтар аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері қатынайды. Астанадан ұшатын FS7989 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 7:55-те жолға шығып, Бейжің уақытымен 13:20-да Құлжаға жетеді. Кері бағыттағы FS7990 рейсі Құлжадан сағат 15:20-да ұшып, Астанаға жергілікті уақыт бойынша 14:50-де қонады. Бұл – FlyArystan компаниясы Алматы – Құлжа бағытын ашқаннан кейінгі Құлжаға қатынайтын екінші халықаралық әуе бағыты. Жаңа рейс екі ел арасындағы туризм, сауда және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Айта кетейік, Құлжа – Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Іле Қазақ автономиялық облысының әкімшілік орталығы. Іле өзені аңғарында, Қазақстан шекарасына жақын орналасқан қала өңірдің сауда-экономикалық, көлік және мәдени орталықтарының бірі саналады.

Сондай-ақ осы аптада Жэньминь жибао ақпараттық порталында «Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы «Чанъань шеберханасы» құрылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын. 

Қазақстанда Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы «Чанъань шеберханасы» құрылды. Қытайлық басылымның хабарлауынша, жобаны Шыңжаң көлік кәсіптік-техникалық университеті, Қытайдың Changan Automobile компаниясы және Қазақстандағы Satbayev University бірлесіп жүзеге асырған.

Жоба жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдер саласына мамандар даярлауға, оқытушылар тәжірибесімен алмасуға және тәжірибелік оқыту базаларын құруға бағытталған. Бастама Қытай мен Қазақстан арасындағы кәсіптік білім беру байланыстарын нығайтып, көлік саласына қажетті білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Гонконгта Алтайдың қысқы туризмінің таныстырылымы «Қаражорға» биімен ашылды– «Алтай ақпараты»

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алтай аймағының қысқы туризм әлеуетін таныстыруға арналған «Шығыстың інжу-маржанында бас қосып, қарлы мекенге бірге сапар шегейік» атты мәдениет және туризм таныстырылымы Гонконгта өтті, деп хабарлайды «Алтай ақпараты» басылымы.

Фото: .weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 8 қазанда ұйымдастырылған іс-шараға саяси, сауда-экономика, білім беру салаларының өкілдері, халықаралық серіктестер мен БАҚ өкілдерін қосқанда 150-ден астам адам қатысты.

Таныстырылымда Алтайдың ұзаққа созылатын қарлы маусымы, сапалы ұлпа қары, шаңғы тебуге қолайлы жағдайлары және төрт маусымдық туристік мүмкіндіктері таныстырылды.

«Іс-шараның беташар биі болған «Қара жорға» Шыңжаңның салт-дәстүрін толық әйгілеп, Алтайдың кең-байтақ көркем қар-мұз көрінісін көз алдыға әкелгендей болды», деп жазады қытайлық БАҚ. Сондай-ақ «Қар-муз маягі» атты насихаттық бейнеролик көрсетіліп, жасанды интеллект пен кеңейтілген шынайылық технологиялары арқылы қонақтарға Алтайдың шаңғы курорттарын виртуалды тамашалау мүмкіндігі ұсынылды.

Жиында Гонконгтың халықаралық нарықтағы артықшылықтарын пайдаланып, Алтайға келетін туристер ағынын арттыру, қысқы спортты дамыту және мәдениет пен туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама Алтайдың халықаралық туристік нарықтағы танымалдылығын арттырып, өңірдің «Қытайдың қарлы мекені» ретіндегі брендін ілгерілетуге ықпал етеді.

Биыл Алашанькоу-Достық кедені арқылы өткен жүк пойыздарының саны 7 мыңнан асты – Халықгазеті

Биыл Қытайдың Алашанькоу порты арқылы Қытай–Еуропа және Қытай–Орталық Азия бағыттарында қатынайтын жүк пойыздарының саны 7 мыңнан асты. Бұл көрсеткішке өткен жылмен салыстырғанда 45 күн бұрын қол жеткізілді, деп хабарлайды қытайлық Халық газеті басылымы. 

Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, 12 қазанда порттан Польшаның Малашевиче қаласына автобөлшектер мен электрондық өнімдер тиелген кезекті жүк пойызы жөнелтілді.

Қазіргі уақытта Алашанькоу порты арқылы 130 бағыт бойынша жүк тасымалы жүзеге асырылады. Пойыздар Германия мен Польшаны қоса алғанда, 21 елге қатынап, 200-ден астам тауар түрін тасымалдайды.

Басылымның мәліметінше, жүк пойыздарының жалпы саны бойынша Алашанькоу порты Қытайда бірінші орынға шыққан.

Айта кетейік, Алашанькоу порты — Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, Қазақстанмен шекаралас аумақта орналасқан маңызды құрлық көлік-логистикалық торабы. Ол Қазақстанның Достық станциясымен теміржол арқылы байланысып, Қытай мен Орталық Азия, Еуропа арасындағы жүк тасымалында маңызды рөл атқарады.

ҚазҰУ студенттері Хафиз Ширазидің ғазалдарын парсы тілінде оқыды – ParsToday

12 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында парсы поэзиясының көрнекті өкілі Хафиз Ширазидің шығармашылығына арналған әдеби-поэзиялық кеш өтті. Іс-шараны Ұлттық кітапхананың «Әлем әдебиеті» бөлімі жанындағы Иран бұрышы мен Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы бірлесіп ұйымдастырды, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.

Фото: parstoday.ir

Ирандық ақпарат агенттігінің мәліметінше, кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы, парсы классикалық әдебиетіндегі орны және поэзиясының көркемдік ерекшеліктері таныстырылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің үшінші курс студенттері Хафиздің ғазалдарын парсы тілінде оқыды. Іс-шараға Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева, Иранның Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади, мәдени істер жөніндегі атташе Мохаммад Масуд Садеғи, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты. Кештің мақсаты — парсы әдеби мұрасын насихаттау және Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланысты нығайту екені айтылады. 

Түркиядағы темекі шекпейтін ауыл: бір ғасырдан бері жалғасқан дәстүр – TRT

Түркияның батысындағы Тазлар ауылы тұрғындары 1928 жылдан бері темекі шекпеу дәстүрін ұстанып келеді. Афионкарахисар уәлаятына қарасты ауылда бұл бастама ақсақал Ахмет ағаның ұсынысымен қолға алынған. Содан бері темекіден бас тарту ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жергілікті мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

«TRT»-ның дерегінше, Түрлі зерттеулер Түркияның темекі тұтыну бойынша әлемде алдыңғы қатарда екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, шамамен 2 мың тұрғыны бар Тазлар ауылының тәжірибесі ерекше назар аудартады. Ауылдың 66 жастағы уағызшысы әрі есепшісі Мехмет Айдоғмуштың айтуынша, балалар темекі шекпеуді арнайы насихат арқылы емес, ата-аналары мен үлкендеріне қарап үйренеді. Бұл дәстүрдің қалыптасуына денсаулыққа қамқорлық, діни құндылықтар және қоғамдағы өзара жауапкершілік ықпал еткен.

Алайда жастардың білім алу және жұмыс табу мақсатымен Стамбул мен Бурса сияқты ірі қалаларға қоныс аударуы ғасырлық дәстүрдің болашағына қатысты алаңдаушылық туғызады. Ауыл жастарының бірі Мурат Карасөгүттің сөзінше, Тазларда темекі шекпеу қалыпты өмір салты саналады. Ендігі міндет — осы ұстанымды келесі ұрпаққа жеткізіп, ата-бабадан қалған дәстүрді сақтап қалу.