Гонконгтан Астана мен Алматыға рейстер ашылуы мүмкін

Фото: Фото: Көлік минстрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының халықаралық әуе хабтарын дамыту және ішкі әуежайлар арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Гонконг халықаралық әуежайында болды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті. 

Гонконг халықаралық әуежайы 14 жыл қатарынан жүк көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр. 2024 жылы әуежайдың жүк айналымы 4,9 млн тоннаны құрады.

— Сапар барысында Гонконг көлік-логистикалық бюросы директорының орынбасары Келвин Мамен және Гонконг әуежайының бас директоры Вивьен Ченгпен, сондай-ақ аймақтың жетекші әуе компаниялары қатарына жататын Hong Kong Airlines, Cathay Pacific және Hong Kong Air Cargo басшыларымен кездесулер өтті, — деп хабарлады ведомтводан. 

Келіссөздер барысында Гонконг әуе компанияларының 5-ші әуе еркіндігін пайдалана отырып, Алматы мен Астанаға жолаушылар рейсін ашу және Қазақстан мен Гонконг арасындағы жүк әуе тасымалдарын арттыру жоспарлары талқыланды.

Бұған дейін хабарланғандай, Шымкент – Сеул бағытында жаңа әуе рейсі ашылады.