Google компаниясы Argon моделін Gemini желісіндегі ең озық модель ретінде таныстырып отыр. Компанияның мәліметінше, ол бағдарламалық жасақтама әзірлеу, қаржылық және құқықтық талдау, сондай-ақ компьютерлік жүйелерді қорғауға қатысты тапсырмаларды орындауда жоғары нәтиже көрсетеді.
Жаңа модельдің негізгі бағыттарының бірі — киберқауіпсіздік. Gemini 4 Argon бағдарламалық жасақтамадағы осал тұстарды өздігінен анықтап, тексеріп және жоя алады. Google модельді Fairwind бағдарламасы арқылы киберқауіпсіздік саласындағы жекелеген мамандарға ұсынып үлгерді.
Компанияның хабарлауынша, Argon қазірдің өзінде Google ішінде қолданылып жатыр. Атап айтқанда, модель деректерді өңдеу орталықтарындағы жадты пайдалану тиімділігін арттыруға көмектесіп, оңтайландыру жұмыстары нәтижесінде 300 ТБ-дан астам жадты босатқан. Google зерттеушілері оны кванттық есептеулер саласындағы алгоритмдерді оңтайландыру үшін де пайдаланып жатыр.
Әзірлеушілер модельді теріс мақсатта пайдаланудан, нұсқауларды ауыстыру арқылы жасалатын шабуылдардан және басқа да қауіптерден қорғауды күшейтіп жатыр. Google өкілдерінің айтуынша, модель көпшілікке қолжетімді болғанға дейін қауіпсіздік жүйелері сынақтан өткізіліп, қорғаныс тетіктері жетілдіріле береді.
Google мәліметінше, Gemini 4 Argon-ның контекстік терезесі 1 млн токенге дейін жетеді. Бұл модельге көлемді әрі күрделі тапсырмалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Компания модельге қолжетімділікті алдымен ақылы API пайдаланушылары мен Google AI Ultra жазылушылары үшін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Gemini 4 Argon тұсаукесері Gemini 3 моделінің таныстырылымынан шамамен бір жыл өткен соң өтті. Жаңа модель OpenAI және Anthropic компанияларымен бәсекелестік жағдайында Google-дың жасанды интеллект жүйелерін дамытуының кезекті кезеңіне айналды.
Айта кетейік, OpenAI киберқауіпсіздік мәселесі үшін AI модельдерін оқытуды уақытша тоқтатты.