Google нейрожелі арқылы тікелей құжат генерациялау функциясын іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Google компаниясы Gemini атты жасанды интеллект қызметінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, чат ішінде тікелей құжат генерациялау функциясын іске қосты. Компания блогында хабарланғандай, жаңа мүмкіндік барлық қолданушыларға шектеусіз қолжетімді, деп жазды 24kg.

Фото: 24kg

Қызмет түрлі форматтағы құжаттарды жасауға мүмкіндік береді: PDF, DOCX, XLSX, CSV, сондай-ақ оларды Google Drive-қа экспорттауға болады. Сонымен қатар LaTeX, TXT, RTF, Markdown форматтары және Google Docs, кестелер мен презентациялардың ішкі файлдары да қолдау табады.

Жаңа функция өнімділікті арттыруға бағытталған. Пайдаланушылар жүктелген деректер мен мәтіндік сұраныстар негізінде құрылымдалған материалдар жасай алады. Мысалы, компания көрсеткен демонстрацияда конспект суреттері негізінде графиктер, визуалды элементтер мен математикалық формулаларды қамтитын толыққанды PDF оқу құралы жасалған.

Google Gemini — 2023 жылы Google DeepMind әзірлеген жасанды интеллектке негізделген чат-бот. Алғашында Bard деп аталған бұл сервис 2024 жылдың ақпанында Gemini атауына өзгертілді.

Бұған дейін Еуропалық комиссия Google компаниясына іздеу жүйесіне қатысты деректерді үшінші тараптарға беруді ұсынған болатын. Комиссия мәліметінше, бұл шаралар Еуропалық одақтың Digital Markets Act (DMA) талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған.