Жаңа рекорд
Қазір «Google салығы» деп шетелдік компаниялардың электрондық қызметіне салынатын қосылған құн салығын (ҚҚС) атайды. Қазақстанда бұл тетік 2022 жылдан бері қолданылуда.
Алайда салық Google компаниясына ғана қатысты емес. Қазір Мемлекеттік кірістер комитетінің тізімінде 138 шетелдік компания бар. Олардың қатарына Apple, Amazon, Alibaba, AliExpress, Adobe, Canva, eBay, Google, Meta, Microsoft, Netflix, Nintendo, OpenAI, Ozon, Pinduoduo, Samsung, Sony, Temu, TikTok және Zoom секілді танымал компаниялар енген.
Салық түсімін тек компания санымен байланыстыру қиын. 2025 жылы тізімде 120 компания болса, қазір олардың саны 138-ге жеткен. Яғни бір жылда 18 компания қосылды. Ал бюджетке түскен қаржы өткен жылмен салыстырғанда 11,7 млрд теңгеге артқан.
R-finance компаниясының экономисі әрі қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың пікірінше, салық түсіміне бизнестің цифрлық қызметке жұмсайтын шығыны әсер етіп отыр.
– Цифрлық маркетинг пен интернет-жарнама нарығы қарқынды дамып келеді. Көптеген компания жарнамаға бөлетін қаражатын Google, Instagram, TikTok және басқа да цифрлық платформаларға бағыттап жатыр. Соның нәтижесінде шетелдік платформалардың табысы да артып, ҚҚС есептелетін сома көбейеді, – дейді сарапшы.
Демек, бюджетке түсетін қаржының көбеюі салықтық бақылаудың ықпалы ғана емес, цифрлық қызмет нарығы да көмек берді деуге келеді.
Қосылған құн салығы
Биыл салық салу тәртібі өзгерді. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы халықаралық компанияның өңірлік кеңсесінің директоры Назгүл Таимованың айтыуынша, Салық кодексі IT компанияларды біршама бақылауға алды.
– 2026 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өсті. Ал шетелдік компанияларды міндетті тіркеуге негіз болатын жылдық айналым шегі 78,6 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендетілді. Соның нәтижесінде Қазақстанның салық жүйесінде тіркеліп, салық төлеуге міндетті компаниялар қатары артты. Сонымен қатар цифрлық қызметтерді тұтыну артқан сайын ҚҚС есептелетін салық базасы да ұлғайғанын ескеруіміз керек,– дейді Назгүл Таимова.
Салық мөлшерлемесі жоғары болса, бюджетке түсетін қаржы да артады. Ал ҚҚС-тың 12%-дан 16%-ға көтерілуі салық сомасын шамамен 33%-ға көбейтетіні түсінікті.
Сондықтан 2026 жылғы салық түсімінің өсуін үш негізгі фактор арқылы қарастырған жөн:
- ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі;
- салық төлеуге міндетті компаниялардың артуы;
- цифрлық қызметтер көлемінің ұлғаюы.
Салықтың салмағы кімге түседі?
Заң бойынша салық төлеуші – шетелдік компания. Бірақ салықты кім төлейтіні мен оның экономикалық салмағын тану керек.
Экономист Арман Байғановтың пайымдауынша, цифрлық платформада салық шығынын жабудың бірнеше жолы бар: компаниялар салықты қызмет бағасына қосады, шығынды өз пайдасы есебінен ішінара өтейді немесе қосымша жүктемені баға мен ішкі шығынға телуі мүмкін.
– Салықты заң жүзінде цифрлық компанияның өзі төлейді. Алайда ірі платформалардың нарықтағы ықпалы зор. Сондықтан олар қосымша шығындарды қызмет тарифтерін белгілеу кезінде ескеруі ықтимал. Мысалы, интернет-жарнама қымбаттаса, оның салмағы Қазақстандағы бизнеске түседі. Жарнамаға жұмсалған қаржы компаниялардың шығынына қосылады, ал бұл кейін тауар мен қызметтің құнына әсер етуі мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Дегенмен ҚҚС-тың барлығы автоматты түрде тұтынушының мойнына жүктеледі деуге болмайды. Себебі шетелдік платформалар салықтың қанша бөлігін Қазақстандағы қызмет бағасына қосатыны туралы зерттеу жоқ.
Экономист Сапарбай Жұбаев компаниялардың салық шығындарын қалай жоспарлауы да өзекті деген ұстанымда.
– Егер компания ҚҚС-тың бүкіл сомасын қызмет бағасына қосса, пайдаланушы бағаның бірден өскенін байқайды. Ал салықтың бір бөлігін өз пайдасы есебінен өтесе, тариф айтарлықтай өзгермеуі мүмкін. Сондықтан бәрі нақты нарықтың жағдайына және компанияның баға саясатына байланысты. Салықтың бүкіл сомасы міндетті түрде тұтынушыға жүктеледі деп біржақты тұжырым жасауға болмайды, – дейді ол.
Салық талабы барлық тарапқа бірдей ме?
Жаңа Салық кодексіндегі өзгеріс түсінікті: шетелдік цифрлық компаниялар өзгелер секілді ҚҚС төлеуі керек. Алайда басқа төлемдер ше?
Шетелдік компания Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркеле алғанымен, толыққанды заңды тұлғаға айналмайды. Солай болғасын, жергілікті компанияларға жүктелетін барлық талапты да орындауға міндетті емес. Сарапшы Назгүл Таимова осы айырмашылыққа назар аударды.
– Қазақстанда тек ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген ірі шетелдік IT-компаниялар корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік төлемдерді, мүлік салығын және Қазақстанның заңды тұлғаларына жүктелетін бірқатар басқа төлемінен босатылған. Сондықтан салық салуда толық теңдік орнады деп айтуға әлі ерте, – дейді спикер.
Әрине, қазақстандық компаниялар төлейтін салықты шетелдік платформалар төлейтін ҚҚС-пен салыстыру дұрыс болмас. Өйткені олардың бизнес-модельдері, шығындары мен салық базасы әртүрлі. Салық жүктемесін бағалау үшін осы факторларды назарға алғанымыз жөн.
Шетелдік цифрлық сервистер қазақстандық компаниялардың күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бизнес жарнамаға, бағдарламаларға, ақылы жазылымдарға және жасанды интеллект құралдарына қаржы жұмсайды. Сондықтан мұндай қызметтің қымбаттауы компаниялардың шығынына әсер етуі мүмкін.
Назгүл Таимова мәселенің басқа қырына үңілді.
– Отандық бизнестің шетелдік бағдарлама мен цифрлық шешімге жұмсайтын шығыны барған сайын ұлғаюда. Мұның өзіндік қиындығы бар. Көбі шетелдік компанияларға шетел валютасымен төлем жасайды, қаражатты қайтару процесі күрделі, халықаралық төлем жүйелерін пайдалану мәселелері бар. Ал кейбір шетелдік компанияның жергілікті инфрақұрылымы да жоқ. Бұл отандық бизнес өкілдеріне кедергі келтіреді, – дейді сарапшы.
Бақылау бұғаттаудан маңызды
Биылдан бастап мемлекет салық талаптарының орындалуын қамтамасыз етудің қатаң тетігін қолдана алады. Атап айтқанда, салық талаптары орындалмаған жағдайда, соның ішінде компания ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуден бас тартса, оның интернет-ресурсын бұғаттау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл бюджет түсімін арттырудың қосымша құралы екені анық. Дегенмен нарық үшін мұндай шараның салдары әлдеқайда күрделі. Өйткені ірі платформа жұмысын тоқтатса, оның зардабы тек компанияның өзіне тимейді. Қазақстандық кәсіпкерлердің көбі тауарын шетелдік платформаларда сатып, тұтынушыларды қажетті өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Экономист Сапарбай Жұбаев интернет-ресурсты бұғаттауды ең соңғы шара ретінде қарастыру керек деп есептейді.
– Егер шетелдік компания нарықта жұмыс істеп, осы жерден табыс тауып, салық төлеуге міндетті болса, мемлекет оның заң талабын орындауын талап етуге құқылы. Бірақ бұғаттау – ең соңғы шара. Оған дейін келіссөз жүргізіп, әкімшілік жолды пайдалану қажет. Ірі платформаның жұмысын шектеу сатушылар мен сатып алушыларға да әсер етеді. Сондықтан мұндай шешімнің салдарын алдын ала бағалау керек, – дейді экономист.
Ал Арман Байғанов платформаның жауапкершілігі маңызды деген тұжырым айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда кеңсесі болмаса да, біздің нарықта қызмет көрсетіп жатқан халықаралық компаниялар тұрақты бақылануы қажет.
– Егер цифрлық платформа Қазақстан нарығынан табыс тауып, бірақ белгіленген салықты төлеуден бас тартса, мемлекет оған ықпал ететін тетіктерді қолдана алуы керек. Әйтпесе, заңды сақтап жұмыс істейтін отандық бизнес шетелдік компаниялармен салыстырғанда тиімсіз жағдайда қалуы мүмкін, – дейді Арман Байғанов.
Қазақстан өз нарығынан табыс тауып отырған жаһандық цифрлық компаниялардан ҚҚС жинай бастады. «Google салығы» мемлекетке бюджет кірісін арттырудың жолы болса, шетелдік платформалар үшін ол Қазақстан нарығында жұмыс істеу құнына айналғанын көрдік. Енді салық жүктемесінің кімге түсетінін, сондай-ақ оның экономикаға қалай әсер ететінін зерттеу міндеті тұр.