Google Ұлыбританияға 5 млрд фунт стерлинг инвестиция салады
АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық компания Лондон маңында деректер өңдеу орталығын тұрғызады, деп хабарлайды Анадолы.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Ұлыбританияға ресми сапарының қарсаңында Google бұл елге 5 миллиард фунт стерлинг инвестиция салу жоспарын жариялады.
Компанияның мәлімдеуінше, америкалық корпорация Лондонның маңында жасанды интеллект қызметтеріне, атап айтқанда Google Cloud-қа деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін деректерді өңдеу орталығын салмақ.
Google-дың жалпы құны 5 миллиард фунт стерлинг болатын инвестициялары алдағы екі жыл ішінде инфрақұрылымды және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталмақ.
Бұл инвестициялар арқылы Ұлыбританияда жыл сайын 8 250 жұмыс орнын құрылады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар Google Ұлыбританияда энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету және энергетикалық ауысымды қолдау мақсатында Shell компаниясымен келісім жасағанын хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 16 қыркүйекте Ұлыбританияға барады. Сапар барысында 10 миллиард доллардан астам сомаға экономикалық келісімдер жасалады деп жоспарланып отыр.
Айта кетелік Трамп Google-ді қорғап, Еуроодаққа жауапты шаралар қолданатынын мәлімдеді.